Бүгіннен бастап елімізде карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспарына сәйкес сауда желілері, сауда үйлері (бутиктер), жабық базарлар ашыла бастаған болатын. Соған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев бастаған мониторингтік топ мүшелері облыс орталығындағы «Мирлан» базары мен «Лидер», «Анвар», «Алтындар» сауда желілеріндегі санитарлық талаптарды қадағалап, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бағамдады.
Алдымен «Мирлан» базарындағы санитарлық жағдаймен танысқан Мұхтар Наурызбайұлы азық-түлік тауарларының ассортиментімен, яғни тауар түрлері мен оның бағасын тексерді. Бір қуанарлығы, орталық базардағы сатушылар мен тұтынушылар түгел дерлік тұмша таққан, санитарлық талаптарды қатаң сақтауға дағдыланған. Сатушылар бұл талапты тұтынушылардан да талап етуде. Өйткені адам көп жиналатын жерлерде вирустың таралу қаупі басым. Сол себепті санитарлық нормаларды сақтау - сауда нүктелеріндегі басты міндет. Ал азық-түлікке қатысты тұрғындардың талабы бір. Баға тиімділігі. Осы мәселенің мән-жайын бақылаған облыс әкімінің орынбасары сауда орындарының басшыларын міндетті шаралармен таныстырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Содан соң «Лидер», «Анвар», «Алтындар» сауда желілеріне барып, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тексеріп, санитарлық талаптардың орындалуын бақылады.
- Бүгін сауда орындарын қадағалауға шыққан мониторинтік топтың мақсаты – сауда нысандарының санитарлық талапты сақтауын тексеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын бақылау. Азық-түлік өнімдерінің бағасын жүйелі тексерістен өткізіп тұрамыз. Қазір көкөніс өнімдеріне баға тұрақты. Күзге таман бағалары қымбаттайды деп күтілуде. Облыста тұрақтандыру қоры жұмыс жасайды. Тұрақтандыру қоры болашақта тауарларды интервенция жасауға дайын болуы керек. Яғни әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұруымыз үшін жағдай жасауымыз қажет. Екінші мәселе - санитарлық талаптардың қатаң сақталуы. Облыс бойынша 2000-ға жуық сауда нысандары жұмысын жалғастыруға өтініш берді. Сауда бутиктеріндегі 4 шаршы метрге бір адамнан келетіндігі туралы жадынамалар таратылуда. Яғни сауда бутиктеріне 3-5 адамға дейін кіруге болады. Екі апта осындай тексеріс жұмыстарын жүргіземіз. Облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақталса, карантин режімі кезең-кезеңімен алып тасталатын болады, - деді Мұхтар Манкеев.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz