26.08.2020, 15:11
Оқылды: 80

Қамыстыда шағын маркет есігін айқара ашты

Жаздың соңғы күндері Қамысты ауылының тұрғындары үшін тауарлардың алуан түрлілігімен ерекшеленген «Сағнат» шағын маркетінің ашылуымен есте қалды.

Shagyn market (1)

Жас отбасы Мұқатовтар әулеті, Архимед пен Мейрамгүлдің бастамасымен ауылда бұрын-соңды болмаған, заманның жаңа ағымына сай шағын маркет жұмысын бастады. Маркеттің ашылу салтанатында сөз алған аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Арман Исқақов былай деді:

«Жаңа азық-түлік дүкені ел игілігіне есігін айқара ашты. Ауылдың сауда нысандары тағы бір дүкенмен толықты. Еліміз жыл сайын дамып, ауылдық жерлер де көркейіп келеді. Болашақта да осындай кәсіпкерлер көбейіп, ауыл көркейе берсін. Халықтың қуанышына айналған дүкеннің ресми ашылуымен құттықтап, кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеймін».

Shagyn market (2)

Дүкен иесі Архимед Мұқатовтың айтуынша, азық-түліктен бөлек сән салоны жұмыс істейді.

– Шағын маркет тек қана азық-түлікпен шектеліп отырған жоқ. Саттықта авто, велобөлшектер бар. Сонымен қатар ауылға ең қажет шаштараз жұмысын бастады. Маркет әзірге үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта құрылыс материалдарын сататын боламыз. Ауыл тұрғындары аудан орталығына бармай, керек-жарағын осы маркеттен таба алады деген ойдамын. Сонымен қатар көршілес жатқан ауылдар да өздеріне жақын Қамыстыға келіп, сауда жасай алады. Тауарларды Орал қаласынан әкелетін боламыз. Тауар бағасы аудан орталығындағы тауарлармен бірдей болады. Маркеттің ашылуына қолдау көрсеткен аудан әкімі А.Сафималиев, Қамысты ауылының бұрынғы әкімі Б.Қарақұлов және қазір ауыл әкімінің міндетін атқарушы Н.Аюповке алғысымды білдіремін, – деді кәсіпкер.

Shagyn market (4)

– Бұл маркеттің басқа дүкендерден айырмашылығы – тауар ассортименті кең. Кеңсе және шаруашылық тауарлары да бар. Қамысты ауылында осы маркетті қосқанда 4 дүкен бар. Бірақ мұндай маркеттің ашылуы алғаш рет, – деді Қамысты ауылының әкімі Нұрлан Аюпов.

Айта кету керек, шағын маркет кәсіпкердің жеке қаражатымен ашылды. Сөреде алкогольді ішімдік жоқ және алдағы уақытта болмайды деді жеке кәсіпкер.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале