27.08.2020, 16:02
Оқылды: 35

Бәйтеректік оқушылар еліміздегі үздік спорт интернатында оқитын болады

Бәйтерек ауданы Январцев мектебінің төрт оқушысы Өскемен қаласында орналасқан Ольга Рыпакова атындағы спортқа дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына оқуға түсті.

өскемен (4)

Білікті бапкер Жарас Айтуаровтың тәлімін көрген Наталья Панова мен Виктория Голотова спорт интернатының 8-сыныбына түссе, Артем Градинар мен Надежда Беспалова 7-сыныпқа қабылданды.

– Еліміздегі бәсі жоғары спорт интернаты болғандықтан бұл жерге оқуға түспекке келгендер саны көп болды. Алдымен оқушылар жалпы емтихан және психологиялық тест тапсырды. Кейін спринт, кросс жүгіріп, ұлдар жағы кермеге тартылу, қыздар күштік гимнастикадағы өнерлерін көрсетті. Шәкірттерім намысты қолдан бермеді. Барлық жаттығуларда алда болды. Еңбегімнің еш кетпегіні үшін қуаныштымын, – дейді жас өрендерді осы кезге дейді баптап келген Жарас Мұқанұлы.

Енді бәйтеректік өрендер байрақты бәсекелердің алдын бермейтін біраз спортшының томағасын сыпырған Нина Цирикова мен Богдан Весельский сынды танымал бапкерлердің қол астында жаттығатын болады.

– Шәкірттерім енді Өскемен қаласында болады. Бірінші тоқсаннан соң оларды икеміне келетін арнайы сыныптарға бөледі. Әзірге жеңіл атлетика класында. Бір қуанарлығы шәкірттерім шығыста оқығанымен ресми жарыстарға Батыс Қазақстан облысы атынан шығатын болады, – дейді Жарас Айтуаров.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале