Бүгін Зашаған кентінде 117 пәтерлі, көпқабатты, су жаңа тұрғын үй пайдаланылуға берілді. Конституция күні мерекесі қарсаңында қоныс той тойлаған ағайынның қуанышын бөлісуге облыс әкімі Ғали Есқалиев те арнайы барды.
– Баршаңызды ел Конституциясының 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Ата заңымызда еліміздің ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп айқын көрсетілген. Ел халқының күнделікті өмір сүру жағдайын жақсарту үшін бірнеше мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асуда. Солардың бірі – Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жер» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында бой көтерген тұрғын үйлердегі әр пәтердің бір шаршы метрі 140 мың теңгеден сатылуда. Ал мемлекет тарапынан тұрғын үй салушы компанияға әр шаршы метрі үшін қосымша 50 мың теңге қаржы аударылады. Бұл да болса баспана алуды мақсат еткен жерлестеріміз үшін үлкен қолдау. Дәл осындай жеңілдіктер басқа мемлекеттерде қарастырылмаған. Сонымен қатар бірқатар жерлестеріміз «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, баспаналы болуда. Аталған несие 25 жыл мерзімге, бес пайыз үстемақымен беріледі. Қорыта айтқанда, өңір тұрғындарын баспанамен қамту мақсатында мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Бүгінгі пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бақ пен береке тілеймін. Жаңа пәтерлердің терезесінен әр күннің нұр шуағы шашылып, бақытты бүлдіршіндердің күлкісі естілсін, – деді облыс әкімі.
Мұнан соң өңір басшысы айтулы мереке қарсаңында баспаналы болған бірқатар тұрғындарға пәтерлердің кілтін табыстап, жаңа үйден үлес алған отбасыларын аралап, қоныс тойларымен құттықтады.
Бүгін баспаналы болғандардың қатарында Төлешқалиевтер отбасы да бар. Жас жанұяның отағасы полиция басқармасында, жары білім білім беру саласында қызмет атқарады екен.
– Біз бүгінгі күнді ұзақ күттік. Шаңырақ көтергенімізге сегіз жыл болды. Осы уақытқа дейін шаһардың біраз шағын аудандарында уақытша пәтер жалдап, амалдай тұрдық. Осыдан төрт жыл бұрын «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-дан есепшот ашып, қаражат жинай бастадық. Енді бүгін екі бөлмелі су жаңа пәтерге қол жеткіздік. Алған несиемізді аман жүрсек жеті жылда төлеп бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Бұған дейін бір қызымыз болса, жаңа пәтерге көшкен соң басымызға бас қосылып, қатарымыз көбеюін асыға күтіп жүрміз. Дәл бүгінгідей қуанышты сәт әр қазақтың отбасына бұйырсын деп тілеймін, – дейді отағасы Альберт Төлешқалиев.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz