Коронавирус індетіне байланысты өңірімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде батысқазақстандық еріктілер мыңдаған мұқтаж отбасыға азық-түлік себеттерін үлестіріп, дәрі-дәрмек табуға жәрдемдескен. Тіпті кейбір еріктілер өмірлерін қауіпке тіге отыра, провизорлық стационар мен жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек еткен. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері уақытпен санаспай қызмет атқарып, тұрғындарға шынайы ақпарат таратқан болатын. Аталған кезеңде абыройлы еңбек еткен волонтерлер мен журналистерді облыс әкімі Ғали Есқалиев Конституция күнімен арнайы құттықтады.
- Баршаңызды Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдық мерекесімен құттықтаймын. Конституциямызда жазылғандай, мемлекеттің ең басты құндылығы – адам және адам өмірі. Облысымызда 1085 ерікті бар. Олар өңірімізде індет өршіген кезде уақытпен санаспай бізге жәрдемдесті. Жеті мыңнан астам отбасыға азық түлік себетін табыстаса, 1200 адамға дәрі-дәрмек жеткізді. Тұрғындарға 300 мыңнан астам бетперде таратып, медицина қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз етті. Жұқпалы аурулар ауруханасында еңбек еткендері де аз емес. Мұндай игі істеріңіз үшін барша еріктіге алғыс айтамын. Сондай-ақ пандемия кезінде тұрғындарды дүрбелеңге салмай, ресми ақпаратты таратқан журналистердің де еңбегі ұшан-теңіз. Сіздерді де Конституция күнімен құттықтаймын,- деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы бір топ ерікті мен журналистке алғысхаттар табыстап.
Олардың қатарында «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйқова мен «Орал өңірі» газетінің тілшісі Ләззат Шағатай бар.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Серік Мұқашева,
ерікті:
- Мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында үш айға жуық еңбек етіп, науқастарға берілетін гуманитарлық көмекке жауап бердім. Қажетті дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтардың таратылуын қадағаладым. Денсаулығы күрт нашарлаған науқастарға күніне 100 данадан оттегі балонын тасып, кей кезде аурухана еденін де жуып жүрдім. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, кез келген қиындықты біріксек қана жеңуге болатынын айтқым келеді. Сол қиын сәттердегі еңбегімнің елегеніне қуаныштымын.