«Adal komek» жобасы аясында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Төлепқалиев инстаграм желісі арқылы тікелей эфирге шықты.
Қазіргі таңда ауданымызда 19 бастауыш партия ұйымы бар. Оларда 2280 мүше есепте тұр. Оның ішінде әр салада қызмет атқаратын жандар бар.
- Олардың қатарында аудандық мәслихаттың он төрт депутаты, аудан басшысы, яки филиал төрағасы, басшының орынбасарлары, бөлім және мекеме басшылары «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы жанында желілік кестеге сай қоғамдық қабылдаулар өткізіп отырады.
Мәселен, депутаттарымыз ай сайын өткізсе, ал филиал төрағасы айына бір рет, ал бөлім-мекеме басшылары екі айда бір рет қабылдау өткізеді. Сондай-ақ аудан прокуроры, аудандық полиция бөлімі мен әділет басқармасының басшылары да қоғамдық қабылдаулар жүргізіп отырады. Қабылдауларға жыл сайын 200-ден астам адам келеді. 2018 жылы 208 адам келсе, 2019 жылы – 278, ал биыл 1000-ға жақындады. Оның себебі бүгінде елімізде орын алған пандемияға байланысты. Өйткені әлеуметтік жағдайлары қиындаған тұрғындар мемлекеттік мекемелерге жүгініп, одан соң шағымдарымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалына келді.
Қабылдау онлайн немесе телефон, жедел желі арқылы да жүргізілді, - дейді партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілекбай Қажымұратұлы.
Елде карантин жарияланған кезде көптеген тұрғындарымыздың жүріс-тұрысы шектеліп, табыс көздері азайған-ды. Осы кезде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы «Біз біргеміз» акциясы арқылы 900-ден астам отбасыға 12 млн. теңгеге көмек көрсеткен.
Бұдан бөлек партия арқылы 2234 отбасыға жеті топ бойынша 50 мың теңгеден көмектер көрсетілген. Бұл, әрине, партияның өзі құрған қордан берілді. Бүгінде мектеп оқушыларының онлайн білім алуына байланысты да қолдан келген көмектерін көрсетуде.
- Бүгінде праймеризге қатысуға 38 үміткер тіркелді. Олар үгіт жұмыстарын бастап кетті. Бұл қыркүйек айының соңына дейін созылады. Олар осы кезеңдер ішінде елді мекендерді аралап, әр ұжыммен, бастауыш партия ұйымдарымен кездесіп, өздерінің алға қойған мақсаттарымен таныстырады. Бұдан соң тұрғындардың да ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оны сайлауалды бағдарламаларына қосуға және қаржымен бекітуге шаралар қабылдайды. Бұл, әрине, партияішілік сайлау екенін ескеруіміз қажет. Ол 38 үміткердің рейтингін көтеру. Ал 3 қазан күні сайлау өтеді. Мұнда тек партия мүшелері дауыс береді. Ал 1-2 қазан күндері онлайн дауыс беруге рұқсат етілген. Қазіргі таңда барлық партия мүшелерін авторизация жасап, оларды орталық базадағы деректеріне сәйкестендіріп тіркеу жұмыстарын жүргізудеміз, - дейді Тілекбай Төлепқалиев.
Партия мүшелері бір үміткерге немесе бірден бірнеше үміткерге бір рет дауыс бере алатын көрінеді. Көп дауыс жинаған үміткер алдағы уақытта өтетін сайлауларға біздің көшбасшыларымызды іріктеуге мүмкіндік бермек. Алдымыздағы сайлау біткенде рейтинг бойынша тізім қалыптасады. Аз дауыс жинаған үміткерлер кадрлық резервте тұрады.
Тілекбай Қажымұратұлының айтуынша, сайлау электронды және қағаз жүзінде жүргізілмек. Ал біздің аудандағы сайлау электронды түрде жүргізіледі деп жоспарлануда.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz