Бүгін Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Праймеризді ұйымдастыру және өткізу жұмыстары бойынша кездесу өтті. Жиынға Нұр-Сұлтан қаласынан келген орталық аппараттың саяси менеджмент мектебінің директоры Ш.Нұрланов, аудан әкімі Ә.Мұханбетжанова, аудандық «Орталық» БПҰ мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Байтенова, ең алдымен, «Nur Otan» партиясының бастамасымен атқарылған жұмыстарға тоқталып, елімізде жүргізіліп жатқан Праймериз туралы ақпаратпен бөлісті. «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы бойынша 17 тамыз-3 қазан аралығында өтетін партияішілік іріктеу-праймериздің ереже талаптарына сәйкес, кандидаттарды ұсыну және тіркеу жұмыстары барысында бүгінгі күнге 26 адам тіркелген екен. Олардың 42%-ы – әйелдер болса, 34,6 %-ы – 35 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш партия ұйымдары арқылы 14 адам ұсынылса, 12 кандидат – өзін-өзі ұсынғандар.
Жиын барысында партиялық кадрлық резервке тіркелген үміткерлер өз сайлауалды бағдарламаларын ұсынды. Г.Бисенғалиева, А.Абаков, Л.Волошина, С.Тайпакова өздерінің бағдарламаларымен таныстырып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жиын соңында орталық аппараттың саяси менеджмент мектебінің директоры Ш.Нұрланов республика көлемінде бастау алған Праймериздің кезеңдеріне тоқталды. Сонымен бірге Шыңғыс Нұрланұлы Праймериздің негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент Мәжілісіндегі тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру үшін бәсекелестік негізде жаңа көшбасшыларды айқындау туралы кеңінен түсінік берді.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер