1.10.2020, 13:36
Оқылды: 34

Он мектептің атауы қазақшаланбақ

БҚО мәслихатының кезекті ХХХVІІІ сессиясында депуттаттар облыс әкімі Ғали Есқалиевтің баяндамасын тыңдады. Сессия отырысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюждет туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Болатбек Каюпов амбулаторлық емдеу бойынша науқастарға қосымша дәрілік заттарды тегін және жеңілдікпен беруді қарастыру маңызды екенін айтты. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Света Ғаниева білім беру ұйымдарын қайта атау мәселесін көтерді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Батыс Қазақстан облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы» бірлескен қаулы және шешім жобасы ұсынылмақ.

IMG-20200930-WA0030

– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 27 қыркүйектегі №19-32-20.357 тапсырмасына сәйкес ономастикалық атауларды ретке келтіру және идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды ұлттық танымға жақын атаулармен ауыстыру міндеті қойылды. «Дариян мектеп-гимназия-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мен облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатына Абай Құнанбайұлының есімін беру, Бәйтерек ауданындағы Трекин жалпы орта білім беретін қазақ мектебін «Қадыр Мырза Әлі атындағы жалпы орта білім беретін қазақ мектебі»,  Первосоветск жалпы орта білім беретін мектебін «Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі», Щапов ауылындағы мектепті «Бауыржан Момышұлы атындағы жалпы орта білім беретін мектебі», Батурин жалпы орта білім беретін мектебін «Талғат Бигелдинов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі», Новенький жалпы орта білім беретін мектебін «Қасым Қайсенов атындағы жалпы орта білім беретін мектебі», Ульянов жалпы орта білім беретін мектебін «Ілияс Есенберлин атындағы жалпы орта білім беретін мектебі», Шыңғырлау ауданындағы Белогор негізгі орта білім беретін мектебін «Ақтау негізгі орта білім беретін мектебі», Полтава негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасын «Ардақ негізгі орта білім беретін мектеп-балабақшасы» деп қайта атау қажет. Бұл жұмысқа жергілікті бюджеттен қосымша қаражат қажет етпейді,  – деді Света Ғаниева.

Сессия қаулы-қарарын мәслихат депутаттары мақұлдады. Ұлттық идеологияны жандандыруға пәрмен беріп отырған Президент тапсырмасы ауқымында он мектеп атауы қазақшаланбақ. Республикалық ономастика комиссиясы тарапынан шешім жобасы қолдау тапса, қазақтың ұлы тұлғаларының есімі білім ордаларында айшықтала түседі.

 Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале