1.10.2020, 19:57
Оқылды: 72

«Жайық – Шалқар» жанданбақ

Теректі ауданына жұмыс сапарымен БҚО әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев келді. Оған аудан әкімі Арман Өтеғұлов  «Жайық-Шалқар» каналының бүгінгі хәлін көрсетіп, канал бойына су жетіспеу мәслесін алдыға тартты.

2 (2)

Ия, соңғы жылдары судың аз келуі салдарынан Жайық өзені ахуалы, одан қоректенетін тоғандардың тартылуы, жағалаудағы жасыл желектің сирей бастағаны айтылып келеді.

Облыс әкімінің орынбасары қалқымалы су айдау насосы станциясын көзбен көріп, , каналдың қалған бөлігін аралап шықты. Сонымен қатар, Аманжол Әлиханұлы Ақсоғым және Шағатай ауылының шаруа қожалық өкілдерімен кездесті.

Кепкен сай-сала мен тоғандарға бірер жылда су құймаса, Жайық өзені қойнауының  экожүйесі өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар, биыл жауын-шашынның, қардың аз түсуі де шаруаларға кедергі келтіріп отыр.

1 (6)

Кездесу барысында аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласындағы су тапшылығы мәселелерінің алдын-алу бағытындағы жоспарымен бөлісті. Арман Кәрімұлы шаруашылық жетекшілеріне биылша бюджет есебінен екі ай көлемінде каналға су айдау жолдарын қарап жатқандығын жеткізді. Жоспар жүзеге асқан күннің өзінде канал арнасын бітеп жатқан тал-терек пен қамыстан тазалауға жалғыз аудан бюджеті аздық ететінін айтты. Оның үстіне көп жыл су жүрмеген канал арнасының жиегі опырылып, ішін топырақ толтыратыны тағы бар. Осыны ескеріп, канал бойындағы шаруалар басталған іске бірігіп атсалысатынын айтты. Келер жылдан бастап су айдауға кететін шығынды шаруашылықтар өздері бөліп төлеуді мақұлдады. Ол үшін тариф бекітіліп, шығын есебі тұтынушыларға ұсынылатын болады.

БҚО әкімінің орынбасары  қалқымалы су айдау насос станциясын қайтадан орнатып, каналдарға су жіберу арқылы жоғарыда айтылған елді мекендердегі ауыл шаруашылығын жандандыру қажеттігін тілге тиек етті.

Ұзындығы 45 шақырым каналдың бойында 5 ауылдық округтегі 12 елді мекен орналасқан. 8574 тұрғынның 11 мыңнан астам ірі қарасы, бес мыңға тарта жылқысы мен 22 мың уақ жандығы осы каналдың бойында жайылады.

Тағы бір жайт, Ақсоғым, Шағатай ауылдық округтері маңындағы бауыры суалған Жезбұға өзеніне су тасқыны кезінде құятын жыралардың ауызы құммен бітелген. Табиғаттың жайлы мінезін пайдаланып құмын аршып, арнасын тазалауды қажет етеді. Бүгінгі таңда жұмыстар басталып кетті. Бұл жұмыстар аяқталған соң, келер жылы Жайық суының деңгейі 4-5 метр биіктікке көтерілсе, суалған тоғандарға су кетеді деп күтілуде.

Аманжол Әлиханұлы аталмыш жұмыстарды қадағалап, бұл бастаманың орынды екендігін атап өтті.

5 (3)

Айта кету керек, Ақжайық ауылдық округінен бастау алатын  «Жайық – Шалқар» каналы 1978 жылы іске қосылып, 1990 жылдарға дейін Кеңес үкіметі кезіндегі ірі 5 шаруашылықтың суармалы жерін қамтамасыз етіп тұрған. Аталмыш каналға су шығару мақсатында жергілікті бюджеттен 126 млн. 695 мың теңге қаражат бөлініп, 2018 жылы Жайық өзеніне қуаттылығы 1,67 м3/сек қалқымалы су айдау насосы станциясы қойылып, электр желісі тартылып 275 метр канал қалпына келтірілді. Каналдың қалған бөлігін толықтай қалпына келтіру жұмыстарын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізу жоспарда бар.

Осыған дейін аудан әкімі Арман Өтеғұлов «Жайық – Шалқар» каналы бойында орналасқан шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездескенін жазған болатынбыз.

 

Әділет Әлібекұлы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале