5.10.2020, 11:41
Оқылды: 4

Әлеуметтік міндеттемелер орындалады

Осыдан бір ай бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа  жариялаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы қазақстандықтардың көңіліне сенім орнықтырды.

Arai

Жолдаудың «Үкімет нақты шектеулер мен бейімді карантин әдісін енгізуде. Пандемиямен күрес жөнінде кешенді бағдарлама әзірленеді. Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орын­далатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр» деген жолдарынан халыққа деген қамқорлық бәсеңсімейтінін анық ұқтық.

Теректі ауданы аумағында халықты әлеуметтік қамтамасыз ету және жұмыспен қамтуды іске асыратын мемлекеттік мекеме – «Теректі ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» бөлімі басшысы ретінде  мен Президент Жолдауының осы жолдары нақты іске асып жатқанына куәмін.

Биыл Теректіде халыққа әлеуметтік көмек көрсету және қамтамасыз етуге аудан бюджетінен 891,1 миллион теңге бөлінді. Оның үстіне республикалық бюджеттен де арнайы әлеуметтік төлемдерге ақша бөлінеді.

Жыл басынан бері ауданда 323 отбасына 76952,9,0 теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. 14734,0 мың теңге әлеуметтік қоржындар мен гигиеналық құралдарға жұмсалды. 32 отбасына 683,8 мың теңге тұрғын үй көмегі көрсетілді. 1401 теректілікке 48014,0 мың теңге әлеуметтік көмек берілді. Бұдан бөлек Чернобыль апатын жойғандарға, Семей полигонынан  зардап шеккендерге Ауғанстан соғысына қатысқан сарбаздарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне әлеуметтік төлемдер төленді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға арнайы оңалдыру бағдарламасына сай көмек көрсетілді.

Пандемияға байланысты туындаған қиындықтарға қарамастан, жәрдемақылар төлеу уақтылы атқарылды.

Төтенше жағдайға кезеңінде халық қамын ойлаған үкімет әлеуметтік әлжуаз топтарға енетін тұрғындарға азық-түлікке деп 2 АЕК көлемінде төлем тағайындады. Аудан бойынша 2276 адам жалпы  38389,7 мың теңге көлемінде республикалық бюджеттен осы көмекті алды. Уақытша табыссыз қалған азаматтар 42 500 теңге мөлшерінде көмек алды. Осындай жәрдем көршілес елдерде, тіпті басқа ірі мемлекеттерде берілмеген екен.

«Қазіргі күрделі жағдайда алдымызда тұрған басты міндет – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу» деді Президент.

Осы орайда табысы мен жұмыс орынын өзі қамтамасыз етіп, кәсіпкер болуға бел  байлаған теректіліктер бар екені қуантады. Биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 87 адам қаржылық грантқа қол жеткізді. Мал, құс өсіру сияқты шаруашылықпен айналысушылармен қатар  наубайхана, шаштараз, шағын өңдеу цехын, автокөлік жөндеу шеберханасын ашамын деушілер бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Баршамыз өз-өзімізді дамытуға күш салуымыз керек. Замана сынағы бізден үздіксіз қозғалысты, мықты күш-жігерді және табанды еңбекті талап етіп отыр» деді Жолдауында. Сол сөздерді әр жерлесім өзіне қарата айтылған тапсырма ретінде қабылдап, Жолдаудың жемісті жүзеге асуына күш салуға шақырамын.

Арайлым Тасенова,

Теректі ауданының жұмыспен қамту және

әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале