Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында: "Ел ішіндегі экологиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндетіміз"деп атап көрсеткен. Осы Жолдауды жүзеге асыру мақсатында Бөрлі ауданы әкімдігінің қолдауымен аталған ауданның туристік нысандарына экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедицияның маршруты ерте темір дәуіріндегі Қырық оба 1, Бөрлі орман шаруашылығының питомнигі (Приуральный ауылы), Хазрет шәрі ғимараты (Жаңа Талап ауылы), сұлтан Асфендиар құлпытасы (Успенка ауылы), "Миргородский" ботаникалық-зоологиялық қорығы, Батыс Қазақстан облысының ең биік нүктесі (263 метр), Бөрлі тарихи-өлкетану музейі (Ақсай қаласы) бойынша өтті. Экспедиция қорытындысы бойынша Бөрлі ауданына туристік маршрут әзірленіп, Қазақстандық Туристік қауымдастықпен (Алматы қ.) бірлесіп ауыл және экологиялық туризм бойынша семинар-тренинг өткізу жоспарлануда.
Ауылдық туризм-кешенді туристік өнімді жасау үшін ауылдық жердің табиғи, мәдени-тарихи және басқа да ресурстарын және оның ерекшеліктерін пайдалануға бағдарланған туристік индустрия секторы.
Біздің міндетіміз – Қазақстан туристік қауымдастығымен бірлесіп шалғайдағы аудандардың шағын және орта бизнес өкілдерін CBT (Community Based Tourism) (CBT), немесе – жергілікті қауымдастықтарға негізделген туризм) арқылы табыс табуға үйрету. Мұнда туристерге қызмет көрсету мәдениеті, өз халқы мен өлкесінің салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын әдемі ұсыну мүмкіндігі де маңызды.
Айболат Құрымбаев,
«Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының директоры