Кәсіпкерлер палатасы дирек-торының құқықтық мәселелері бойынша орынбасары Нұржан Мақсотовтың айтуынша, жыл басынан бері кеңес отырыстарында кәсіпкерлердің өтініштеріне байланысты салықтық тексерістерді өткізу мерзімінің бұзылуы, табиғи газды тұтынғаны үшін алдын ала 100 пайыздық төлемді талап ету, жер телімдерін бөлу, жерді пайдалану мақсаттарын өзгерту, мемлекеттік сатып алу үрдістері кезінде орын алатын олқылықтарға қатысты 11 мәселе қаралып, талқыланған. Сөйтіп, 80-нен астам кәсіпкердің түйінді мәселені шешуге көмек сұраған арызы оң шешілген. «Өткен жылдың өзінде палатаға кәсіпкерлерден 296 арыз-шағым түсті, соның 112-сі оң шешілсе, 7 арыз қаралуда. Кеңес-тің кәсіпкерлер құқығын қорғау жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлер пайдасына 400 миллион теңгеден астам қаржы өндірілді немесе кері қайтарылды», - деді Н. Мақсотов кезекті кеңес отырысында.
Өткен жылы облыс прокуратурасымен кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша жүргізілген 36 тексеріс барысында 1220 шақты құқықбұзушылық фактісі анықталған. Облыс прокуратурасының өкілі Берік Сүйіншәлиевтің баяндауынша, 163 кәсіпкердің заңды құқығы қорғалып, 60-тан астам тұлға әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылған. «Өткен жылы кәсіпкерлікті тексеруге мораторий жарияланған болатын. Биыл оның күші жойылды. Биылдан бастап мемлекеттік бақылау, қадағалау жөніндегі заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұрын жоспарлы және жоспарсыз тексерістер жүргізілетін болса, бұдан былай жоспарлы деген тексерістер мүлдем болмайды», - деді Б. Сүйіншәлиев. Оның айтуынша, облыс прокуратурасымен табиғи монополиялар субъектілерін коммуникация желілеріне қосудың техникалық шарттары ұсынбаларына сараптама жасалуда. Бұл бағыттағы әкімшілік кедергілерді анықтауға палатамен бірлескен жұмыстар өз нәтижесін бермек.
- Әлемде қуат көзінің бағасы мұнайдың бағасы төмендеп жатқан тұста, 1 ақпаннан бастап өңірде электр қуатының бағасы өсуде. Соған орай тарифті қалыптастыру жұмыстарына облыстық прокуратурасы тарапынан мониторинг, сараптама жасалса дейміз. Бағаны өсірудің негізі бар ма, кәсіпкерлер оны бізден сұрап жатады. Өткен жылы да осы мәселе айтылды, - деген «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі қауымдастығы директорлар кеңесінің төрайымы Әлия Сәлиева табиғи монополиялар субъектілерінің шығындары сметасының ашықтығын, кәсіпкерлерге түсіндірілуін сұрады. Кәсіпкер Елена Уланова Зеленов ауданындағы жер телімдерінің жетіспейтіндігін айтып, жалға алынған жердің құқықтық құжат-тарына мониторинг жасауды ұсынды.