Жыл басынан бері Орал қаласы бойынша 76 көлікті айдап кету дерегі тіркелген. Оның бірі жуырда, яғни 1 қазан күні қалалық №51 ЖОББМ жанында орын алған еді.
1974 жылғы азаматша тал түсте аталмыш мектеп жанына «Хюндай Акцент» ныспылы аутокөлігін қойып, шаруаларымен шығып кетеді. Қайтып оралғанда, көлігінің ізім-қайым жоғалғанына куә болады. Сол бойда полицияға хабарласып, көлікті біреудің айдап кеткенін жеткізеді. Шаған полиция бөлімінің жеке құрамы жұмылып, іздеуге кіріседі. Ал «Хюндайдың» рөліне отырған жігіт оқиға орнынан бір шақырым ұзаған соң рөлге ие бола алмай, жол бойында келе жатқан көлікке түйіскен және сол екпінмен жол жиегіне аударылған. Содан күдікті көліктен шығып, жанталаса ізін жасырған. Шаған полиция бөлімінің жедел уәкілдері оқиға орын алған күні көлікті тапты. Ал күдіктіні екі күннен кейін ұстап, Шаған полиция бөліміне жеткізді. 1996 жылғы, Ақжайық ауданының Б.есімді тұрғыны қылмысын мойындады. Сонымен қатар ол көліктен ақша ұрлаған. Бүгінде сол «шумахерға» қатысты бөгде адамның көлігін айдап кету және ұрлық дерегі бойынша екі эпизодты қылмыстық іс қозғалды.
Гүлсезім Бияшева,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер