Облыстық жоғары спорттық шеберлігі мектебінде «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясында «Біз жақынбыз! Біз біргеміз!» атты тақырыптық кездесу өтті.
Аталмыш шарада мемлекеттік және құқық қорғау құрылымдарының өкілдері, өңірдің танымал спортшылары облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерімен кездесті. Олар жеткіншектердің жігерін жанып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеді. Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы Исатай Жазықбаев балалардың сапалы білім алуға ұмтылып, елін сүйетін азамат болып қалыптасу керек екенін атап өтті.
– Елімізде ғана емес облыста, Орал қаласының өзінде салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биылдың өзінде екі спорт кешені, 13 спорт алаңы және бір жүгіру жолы пайдалануға берілді. Біздің міндетіміз – дене шынықтыруды жалпыға ортақ мәдениеттің бір бөлшегі ретінде дамыту. Ал спорт әр балаға қолжетімді болу керек. Себебі спорт денсаулықты нығайтып, адамның күш-жігерін жанып, мінез-құлқын қалыптастырады, – деді Исатай Елюбайұлы.
Балалармен кездесуге Орал қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің басшысы Азамат Қалиев, самбо күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем және Азия чемпионы, үш мәрте Әлем кубогінің иегері Нұрбол Серіков, ҚР спорт шебері Сағадат Нұғман келді. Олар спортпен шұғылдану, жетістікке жету жолындағы қиындықтар мен қуанышты сәттермен бөлісті.
– Балалар, мен сіздердің спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанғандарыңды қалаймын. Әрине спортта жеңіске жету оңай емес. Бұлшықет жыртылып, сүйекте сынуы мүмкін. Бірақ осындай қиындықтың артында қуаныш, еліңнің асқақ мәртебесі тұрады. Мен еліміздің көк туын желбіретіп жүрген, туған жерімізде мықты адамдардың бар екеніне мақтанамын. Жетістікке жету үшін шыдамдылық пен еңбек керек. Тіпті «сенің қолыңнан ештеңе келмейді» десе де, алға ұмтылған жөн. Ол үшін өз-өзіңе деген сенім болу керек. Менің әкем де балалар үйінде тәрбиеленген. Оны жастайынан жаттықтырушысы спортқа баулып, дұрыс бағыт-бағдар берген. Бүгінде әкем Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы атанды. Отыз тоғыз жылдай бапкер болған оның биік шыңдарды бағындарған шәкірттері көп. Мен де әкемнің шәкіртімін, бүгінде Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шеберімін. Інім Дәулет те біздің жолымызды жалғап келеді. Өмірде қиындық та, қуаныш та кездеседі. Сондықтан қазірден бастап жан-жақты шыңдалып, дұрыс жолды таңдау керек. Алға нақты мақсат қойып, сол жолда аянбай тер төгу қажет, – деді кездесуде сөз алған еркін әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының жүлдегері Екатерина Ларионова.
Облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының спорт жөніндегі нұсқаушысы Данияр Исполов кездесуге 10-15 жас аралығындағы 30 шақты баланы әкелген екен. Олардың арасында допты хоккеймен, еркін күреспен, шағын футболмен және басқа спорт түрлерімен айналысатындар бар.
- Мұндай шаралар, танымал спортшылармен кездесулер балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, спортқа деген ынта-ықыласын, қызығушылығын арттырады. Сондықтан осындай кештердің жиі болғанын қалаймыз, – дейді Данияр Исполов.
Кездесу барысында балалар спортшыларға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. ОЖСШМ жаттықтырушылары мен спортшылары шеберлік сағатын өткізді. Шараны ОЖСШМ мен Орал қаласы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия ұйымдастарды.
Айна Имашева,
zhaikpress.kz