Ауданымызда шекара шебін қорғап жүрген айбынды азаматтарымыздың кәсіби біліктілігін, спорттық деңгейін анықтау мақсатында Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың және Шыңғырлау аудандық шекара бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Шекарашы – Отанның берік қалқаны» атты әскери-патриоттық рухты сайыс өтті.
Шыңғырлау шекара бөлімі, теміржолдық бақылау өткізу пункті және Шыңғырлау шекара бөлімшелерінің арасында оздырылған сайысқа аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова қатысып, сайыскерлерге сәттілік тіледі.
Белтемірге көтерілу, 100 метр қашықтыққа жүгіру, қаруды шашып-жинау, жерден көтерілу және зілтемір көтеру секілді бес кезеңнен тұрған сайыста қатысушылар бар біліктіліктері мен спорттың дайындықтарын көрсете білді. Нәтижесінде сайыстың әр кезеңінен үздік деп танылған командалар алғысхаттармен және сыйлықтармен марапатталды. Сайыс нәтижесі бойынша І орынды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаментінің Шыңғырлау шекара бөлімшесі еншілесе, ІІ орынды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаментінің теміржолдық бақылау өткізу пункті иеленді. Ал ІІІ орынды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаментінің Шыңғырлау шекара бөлімі қанжығасына байлады.
Бұл шара шекарашыларымыздың физикалық деңгейі жоғары екендігін тағы бір дәлелдеді. Себебі ел шекарасын күзетуде аса қырғалық, шыдамдылық, жылдамдық керек. Әр қасиетті бойына сіңірген қызметкерлер Отан алдындағы борышын өтеуде еш нәрседен тайынбайтынын паш етті. Шара соңында қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айбарша Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz