Құшағы кең қасиетті қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына тартты. Бір шаңырақ астында өмір сүріп жүрген түрлі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі бүгінде өзге мемлекеттерге де үлгі.
Осындай ынтымағы жарасқан қазақ жерінде дүние есігін ашқан, бірлікті ту еткен жандардың бірі - Бәйтерек ауданы, Егіндібұлақ ауылының тұрғыны, ұлағатты ұстаз Наталья Маслова.
- Мекен еткен еліңнің тілін меңгеру, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін игеру, басқа ұлттар үшін міндетті болу қажет, - дейді ол.
Мемлекеттік тілді меңгеруді, қазақ дәстүрін ұлықтауды әр адам отбасынан бастауы керек деп есептейтін Масловтар отбасының отанасы Наталья Александровна өз балаларының үнемі қазақтың қарадомалақтарымен тай-құлындай тебісіп, қатар өсіп келе жатқанын және қазақ тілін еркін сөйлейтіндерін айтып мақтанады.
- Ең сүйікті тағамдарымның бірі ас, - дейді Наталья.
Ет асып, қаймағын тартып, құрт жасап, қазақы қонжайлықты да бойына сіңірген кейіпкеріміздің ең жақын достары да қазақтар.
- Жүрегім қазақ деп соғады, елімнің болашағы жарқын, ұрпағымыздың аман болғанын, барлық ұлттар тату-тәтті өмір сүріп, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілеймін, - дейді Наталья Александровна.
Бар өмірін ауылда өткізген, ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан ҚР-ның Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медалімен де марапатталған. Сондай ақ, осы жылдар ішінде Н.Маслова Батыс Қазақстан білім басқармасы білім орталықтары ұйымдастырған зияткерлік марафон-турнилер мен лингвистиалық, педагогикалық олимпиадаларда жеңімпаз атанып үлгерген. Оқушылары да талай мәрте жүлделі орындардардан көрінгенін көзі қарақты жан біледі. Қазақты танығысы келген адам һәкім Абайды оқысын, - дейтін Наталья апамыз Абай өлеңдерін дәріптеуде де үлкен жұмыстар атқарып келеді. Оның оқушылары екі тілде өлең жаттап, оны нақышына келтіре оқиды.
Сөзімен де, ісімен де қазақ еліне деген ыстық сүйіспеншілігін көрсетіп жүретін ауылдас апамыз, ардақты ана, ұлағатты ұстаз көпке үлгі етер жан.
Қазақтың тілін ғана емес, салт-дәстүрін де өте жақсы білетін және қазақ елінде тұрып ұлттың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын білмеу ұят деп санайды ол балаларын қазақ тілін білуге міндеттейді. Осындай жанның біздің кішкентай ауылымызда, арамызда жүргенін біз үшін де мақтаныш.
Меруерт Ешниязова,
Бәйтерек ауданы,
Егіндібұлақ ауылы