5.11.2020, 10:21
Оқылды: 146

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс... Жол-көлік оқиғалары... Ведомствоаралық комиссия түйткілді мәселелерді талқылады

Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысында облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншин, алдымен, материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында атқарылған жұмыс барысын баяндады.

746D3C0A-5A9E-4B72-9BC4-900C1E5DCAA6

Жанболат Жаншиннің мәліметіне сүйенсек, жергілікті атқарушы құрылымдар қолдауымен 2019 жылы Ақсай қаласындағы жедел басқару орталығының құрылысы аяқталған. Қазіргі уақытта ЖБО-ны материалдық-техникалық жабдықтау жұмысы жүргізілуде. Бөрлі ауданының бюджетінен бөлінген 58 млн. теңге қаржыға аудандық полиция бөлімінің әкімшілік ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Ақсай қаласынан 6 патрульдік полициясы қызметкеріне, 3 учаскелік полиция инспекторына және  Бөрлі АПб ерікті қызметкеріне қызметтік пәтер берілді. 2020 жыл басында Бөрлі аудандық бюджетінен бес дана модульдік үлгідегі стационарлық бекеттер салу үшін 22 млн. теңге қаржы бөлінді.

9CC24513-F6CD-472A-8542-B747AE9B220A

Биылғы қазан айында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Орал қалалық ПБ ЖБО-ға қосу арқылы қосымша 200 бейнекамера орнату жоспарланған. Қазіргі уақытта облыс бойынша - 177, соның ішінде облыс орталығында - 23 және ауылдық жерлерде 154 учаскелік полиция пункті жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш учаскелік полиция пункттерінің қажетті нормасының 94,6 пайызын қамтиды. Сондықтан қосымша 10 учаскелік полиция пункті қажет. Былтыр облыс орталығындағы екі учаскелік полиция пунктіне ғимарат берілді. Аудан әкімдіктері 17 учаскелік полиция пунктіне күрделі жөндеу жүргізді. Теректі ауданындағы учаскелік полиция инспекторларына 15 ноутбук берілді. Қазіргі уақытта облыс бойынша 72 учаскелік полиция пункті күрделі жөндеуді қажет етеді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев төрағалық еткен ведомствоаралық комиссия отырысында облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин отбасы-тұрмыстық қарым-қатынас саласындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу туралы деректерді назарға ұсынды.

0B188735-5F8B-4C56-AD8C-1E21A210138C

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқармасы статистикалық деректеріне сәйкес ағымдағы жылғы 9 ай қорытындысы бойынша отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастар саласында жасалған қылмыстар саны 36,4 пайызға (22-ден 30-ға дейін) өсіп отыр. Тіркелген 30 қылмыстың 7-еуі адам өлтіру, 12-сі денсаулыққа қасақана ауыр дәрежедегі зақым келтіру, 2-еуі қорқыту және 1-еуі кепілге алу оқиғасымен байланысты. Аталған санаттардағы 30 қылмыстың 22-сі биыл, 7-уі былтыр болған. Қылмыс жасаған 22 күдіктінің 21-і ішкі істер құрылымдарының профилактикалық есебінде тұрмаған. Бір күдікті бұрын сотталған. Алайда қазіргі уақытта соттылығы жойылған. Маскүнемдікке шалдыққан 290 адам мамандандырылған емдеу-профилактикалық мекемесіне орналастырылды.

– Тұрмыстық қылмыстардың алдын алуда тұрғылықты жері бойынша арнайы тәрбие жұмысын жүргізу және басқа да іс-шараларды өткізумен шектелмеу керек. Ең бастысы, мәдени құндылықтарды қадірлеуге, тұрғындардың сана-сезімін ояту, тұрмыстық жағдайын жақсартуға көңіл бөлу қажет. Денсаулық сақтау органдары психикалық ауытқуы бар және жүйке ауруынан зардап шегетін адамдарды ұдайы бақылауда ұстағаны абзал. Қажет болған жағдайда медициналық көмек беруі керек. Білім беру мекемелері алдын алу жұмысын жүргізу үшін полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бұрын қолайсыз отбасыларда тәрбиеленген балаларды анықтауды қамтамасыз еткен дұрыс, – деді подполковник.

4DFDA2F2-2369-46EE-89B3-252FD966733C

Облыс әкімі Ғали Есқалиев отбасында зорлық-зомбылық шеккендер «102» операторына қоңырау шала алатынын насихаттау керектігін тапсырды. Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин көбіне әйелдер ерлерінің қылмысқа баратындарын жасырып қалатынын немесе ашық айтудан именетіндерін айтты. Жанболат Жаншин қылмыстардың жолын кесу мақсатында биылғы 9 айда облыс аумағында «Түнгі қаладағы балалар», «Қауіпсіз мектеп», «Тұрмыс», «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн», «Абайлаңыз, балалар!» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шаралары өткізілгенін баяндады.

Басқа да рейдтік іс-шаралардың нәтижесінде кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында болуына жол берудің 12 (2019 жылы – 16), кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатудың 9 (2019 – 9), балаларын тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамаудың 150 (2019 – 159) және кәмелетке толмағандардың түнгі мезгілдерде заңды өкілдерінің алып жүруінсіз үй-жайлардан тыс жерлерде болуының 2019 фактісі (2019 – 1694) анықталды. Кәмелетке толмағандар арасында жасалатын қылмыстардың басым бөлігі – бөтеннің мүлкін ұрлау (27), алаяқтық (9), тонау (8), қорқытып мүлкін тартып алу (2), бұзақылық (2) дерегі құрайды. Талдау көрсеткендей, жасөспірімдер ақша, ұялы телефон және азық-түлікті заңсыз иемденуге құмар. Дейтұрғанмен, былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар саны 21,5 пайызға (51-ден 40-қа дейін) төмендеді.

Комиссия отырысында облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева бала тәрбиесіне қатысты құқықтық мәдениетті қалыптастыру, саламатты өмір салтын насихаттау, құқықбұзушылықтың алдын алу үшін бос уақытын тиімді пайдалануын қадағалау шаралары қолға алынғанын баяндады. Оның сөзінше, мектеп оқушыларының 90 пайызға жуығы түрлі секция бойынша мектепішілк және қосымша білім беру мекемелеріндегі үйірмелерге қатысады. Білім саласының қызметкерлері қоғамдық ұйымдар және құқық қорғау құрылымдарының өкілдерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Балалар туризмі мен экология орталықтары тәуекел тобындағы балаларды қызығушылығына қарай үйірмелерге тартуда. Ал мектептен тыс жұмыстар орталықтарында кәмелеттік жасқа толмағандарға әлеуметтік жауапкершілікті сезіндіру үшін қолға алынған «Өзіңнен баста!» жобасына 78 жасөспірім қатысуда.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев Теректіде кәмелеттік жасқа толмағандардың қылмыс жасау дерегінің көбеюіне байланысты аудан басшысы Арман Өтеғұловқа сауал қойды. «Бұл мәселені көтеруіңіз орынды. Қазіргі уақытта бес жасөспірім есепте тұр. Орал қаласындағы кәмелетке толмағандарды қорғау орталығына сегіз жасөспірім орналастырылды. Үйдегі жағымсыз ахуал, отбасындағы нашар тәрбие балалардың келеңсіз қылықтар жасауына негізгі себеп болып отыр»,  – деді Теректі ауданының әкімі Арман Кәрімұлы. Комиссия отырысында полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жанболат Жаншин 9 ай ішіндегі жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі туралы баяндады. Оның айтқан мәліметтеріне сүйенсек, жедел-профилактикалық іс-шаралар және акциялар өткізілді. Осы іс-шаралардың нәтижесінде жолдағы апат саны 5,8 пайызға (226-дан 213-ке), оның салдарынан қаза болғандар саны 35,9 пайызға (78-ден 50-ге) және жарақат алғандар саны 14,6 пайызға (294-тен 251-ге) төмендеді. Оның ішінде балалардың қатысуымен 28 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 1 сәби қаза болса, 31-і бала дене жарақаттарын алды.

Биылғы 9 айда апаттылықтың ауыр деңгейі Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Жаңақала, Казталов, Тасқала және Шыңғырлау аудандарында байқалып, облыстың орташа көрсеткішінен жоғары болып отыр. Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда ЖКО саны  6,1 пайызға (33-тен 31-ге) және оның салдарынан жарақат алғандар саны 23,1 пайызға (52-ден 40-қа) төмендегенімен, қаза болғандар саны 50 пайызға (10-нан 15-ке) көбейді. Елді мекендерде ЖКО саны 2 пайызға (148-ден 145-ке), оның салдарынан қаза болғандар саны 26,3 пайызға (38-ден 28-ге) және жарақат алғандар саны 8,3 пайызға (181-ден 166-ға) төмендеді. Оның ішінде облыс орталығында 117 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 17 адам қаза болса, 134 адам әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған. ЖКО саны Бөкей ордасы ауданында – 1 фактіге (0-ден 1-ге), Қаратөбеде – 2,3 есе  (3-тен 7-ге) және Теректіде – 38,5 пайыз (13-тен 18-ге) көбейді. Бөрлі, Тасқала Шыңғырлау аудандары бойынша жолда қаза тапқандардың, Ақжайық, Бөкей ордасы, Бөрлі, Қаратөбе, Теректіде жарақат алғандар саны артты.

– Күндіз, яғни сағат 06.00-ден 22.00-ге дейін 154 ЖКО болып, содан 33 адам қаза болса, 184 жолаушы жарақат алды. Түнгі мезгілде 59 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 17 адам көз жұмып, 67 тұрғын зардап шекті. Жылдамдықты арттыру салдарынан 63 көлік апаты болып, 21 адам қаза болса, 71 адам медициналық көмекке жүгінді. Сондай-ақ арақашықтықты сақтамау, көше қиылыстарынан өту тәртібін, велосипед қозғалысы ережесін бұзу көлік апаттарына себеп болуда. Шетел автокөліктерінің қатысуымен 719 жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 17 адам өмірімен қош айтысты, – деген Жанболат Жаншин жол үстінде жан-жануарға, бағымсыз малға соқтығысуынан болған жол-көлік оқиғаларының себебін де атап өтті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев балалардың көлік жарығына шағылыстыратын лентамен қамтылуын тексеруді полиция департаменті мен білім басқармасы басшылығына тапсырды.

«Облыс аумағында апаттылық деңгейі төмендегенімен, Казталов, Қаратөбе, Теректі және Бәйтерек аудандарында жол-көлік оқиғалары  көбейді», – дей келе, аталған аудан басшыларынан жол қауіпсіздігін жақсарту мақсатында қандай шаралар қабылданып жатқанын тәптіштеп сұрады. Өңір жетекшісі Ғали Есқалиев Бөрлі, Ақжайық, Сырым аудандарының әкімдеріне үй жануарларының қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмыстың сылбыр жүргізгенін ескертті. Жыл соңында барлық аудан басшыларының қорытынды есебін тағы да тыңдайтынын айтты.

– Биылғы 17 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаветың төрағалығымен өткен кеңесте ішкі істер құрылымдарының өзекті мәселелері қаралып, мемлекеттік органдарға хаттамалық тапсырмалар берілді. Ішкі істер құрылымдары жұмысының әдістерін қайта қарастырып, жұртшылықпен өзара қарым-қатынаста формализм мен әкімшілік кедергіні болдырмау, учаскелік полиция инспекторларының рөлін күшейту бағытында шаралар қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар Президент қоғамның бірлігін қамтамасыз ету, әр азаматтың құқығын қорғау міндетін алға қойды. Осы міндетерді орындау мақсатында жүйелі жұмыс жүргізу қажет, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, жол қауіпсіздігі шараларын күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткішін азайту бағытында ведмствоаралық комиссия қолға алатын басты шараларды атап өтті.

Н. Текебай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале