Біз Абайды қазақ әдебиетінің шамшырағы ретінде қарастырамыз. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына талмастан көрсетті. Көркем әдебиеттің бойына қан жүргізіп, көрік берді.
Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебі біздің осынау білім ордамыз ақиық ақынның атымен аталғандықтан Абай шығармаларын дәріптемеу, оны атап өтпеу біз үшін үлкен сын. Абай қалдырған асыл мұраларды насихаттау мақсатында мектебімізде айтарлықтай шаралар өз деңгейінде аталып өтілді. Соның бірі де бірегейі «Абай деп соққан жүректер» атты Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған әдеби-сазды кеш. Бұл кеште жүрегі Абай деп соққан шәкірттер Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, қара сөздерінің қаймағын бұзбай айтып берді. М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді алынып, Абай бейнесі бір сәт көз алдымызға келіп, көрініс қойылды. Оқушыларға ақынның жеке өмірбаянына қатысты зерттелген тың деректер айтылды. Кеш соңында ақынның сиясы кеуіп, ұмытылып бара жатқан шығармалары мен өлеңдері айтылып, насихатталды. Осындай жүргізілген жүйелі жұмыстардың арқасында мектебіміздің оқушылары облыстық және республикалық байқауларда бағын сынап, оқ бойы озып шықты. Атап айтатын болсақ Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшылық етуімен ұйымдастырылған Абай оқуларына қатысып, 11-сынып оқушысы Фариза Амангелдиева ІІІ орынды иеленді. Республикалық «Бала Дарын» білім порталының ұйымдастыруымен өткізілген «Әлем таныған Абай» жобасында 7-сынып оқушысы Мадина Мәлік бас жүлдені қанжығасына байласа, республикалық «Өрлеу» порталы өткізген «Абай дана, Абай дара қазақта» атты шығармашылық байқауына қатысқан 11-сынып оқушысы Фариза Амангелдиева бас жүлдеге ие болды. Қазақ барда Абай мұрасы дәріптеле бермек.
Салтанат Құмарова,
Асқар Қажгереев
Абай атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері
Жаңақала ауданы