Батыс Қазақстан облысында биылғы жыл соңында тұрғындардың 98,6 пайызы табиғи газбен қамтылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпараттың БҚО-дағы тілшісі.
БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тұрғын үй шаруашылығын жаңғырту және газдандыру бөлімінің басшысы Тілек Кереевтің айтуынша, өңірді газдандыру бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Теректі ауданында 10 ауылға (Донецк, Богданов, Придорожный, Алғабас, Сәрсенов, Шөптікөл) газ құбырын тарту үшін 237,634 млн. теңге қарастырылды. Соның ішінде республикалық бюджеттен 176 млн. теңге, жергілікті қазынадан 61,5 млн. теңге бөлінді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын осы айда аяқтау көзделіп отыр. Мұның алдында Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында осы ауданның Долинный, Төңкеріс, Қоныссай ауылдарына 337 млн. теңгеге газ жеткізілді. Т.Кереевтің сөзіне қарағанда, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында сондай-ақ Ақжайық ауданының жеті ауылында (Тегісжол, Жаңажол, Қарағай, Тоған, Жамбыл, Үштөбе, Бітік) ауылішілік газ құбырын тарту және әлеуметтік нысандарды газдандыру үшін 227 млн. теңге қаралды. Бұл жұмыстарды аяқтау үшін қосымша 73 млн. теңге қажет. Сол секілді осы ауданның Сарман, Битілеу, Ақбұлақ, Есім ауылдарында ауылішілік желі құрылысы мен әлеуметтік нысандарды газдандыруға жергілікті бюджеттен 105 млн. теңге жұмсалды. Бұл жоба мәреге жетіп, 800-дей адам табиғи газға қол жеткізді. «Облыста жыл сайын көгілдір отынды тұтынушы тұрғындар саны көбейіп келеді. Барлық жобалар жүзеге асырылған кезде биылғы жыл қорытындысымен өңір тұрғындарының табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 98,6 пайызға жетпекші», деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Кереев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үш бірдей ауылға табиғи газ жеткізілгенін жазған болатынбыз.
zhaikpress.kz