Теректі ауданы, Ақжайық орта мектебінде аудандық балалар шығармашылығы үйінің «Теректідегі тебіреніс» жобасы жалғасын тапты. Кезекті қонағы - еліміздегі ең жас «Білім беру саласының үздігі», «Алматының жыл мұғалімі - 2020» байқауының жеңімпазы, педагог, жерлесіміз Дәурен Сағынғалиев.
Онлайн форматта өткен сұқбатта Дәурен Наурызбайұлы балалық шағы өткен Ақжайық ауылы мен ұстаздарына деген сағынышын, сырын, жаңалығын әрі жетістіктерін айтып, тебіренді.
Facebook-тегі «Теректі ауданының білім беру бөлімі» парақшасынан тікелей эфирді тамашалаған оқырмандар оған "Алматының жыл мұғалімі -2020" байқауы туралы, бүгінгі қазақ педагогының дәрежесі, ұстаз мәртебесі және проза саласындағы «Тоғыз толғаныс» атты тырнақалды еңбегі жайында сұрақтарын қойып, жауап алды. Ақжарма тілектерін жолдап, сәттілік тілегендер де көп болды.
Алматы қаласындағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның тарих және құқық пәнінің мұғалімі қызметін атқарып жүрген жерлесіміз «Алматының жыл мұғалімі» байқауында бақ сынаған 200-ден астам мұғалімнің арасынан оқ бойы оза шықты. І орынға ие болған Дәурен Наурызбайұлының қанжығасы майланып, жеңіл автокөлік иеленген.
Сұқбат барысында Ақжайықта мектеп табалдырығын аттап, Орал қаласындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатында білімін жалғастырып, «Алтын белгі» иегері атанған Дәурен Наурызбайұлы 2021 жылы мектеп бітіруіне 10 жыл толуына орай Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің ҰБТ-дан ең жоғары балл жинаған түлегіне сыйақы ретінде 50 мың теңге сыйлайтынын жеткізді.
«Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» демекші, нағашылары – Кенжеғалиевтер мұғалімдер династиясынан өнеге алған педагог Дәурен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 380 өлеңін жатқа білетін көрінеді. Эфир барысында «Қарасаз» өлеңін мәнерлеп оқып та берді.
Бір сағатқа созылған сұқбатты жүргізуші Үміткер Орынғалиев жоба қонағына Теректі ауданының әкімі Арман Өтеғұловтың атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Ал Дәурен Наурызбайұлы тілеулес жандарға алғыс білдіріп, жобаға шығармашылық табыс тіледі.
Аягөз Айтқалиева,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz