13.11.2020, 18:38
Оқылды: 63

Ғали Есқалиев: «Ресейден сатып алатын су көлемін көбейтсек, Казталов, Жаңақала аудандарының су мәселесі шешіледі»

51

Бұл жайлы Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында тікелей эфирде айтты.

-Ақжайық ауданының Тайпақ ауылының айналасында су тапшылығы бар. Су тапшылығын азайту үшін былтырдан бастап 3-4 инвестициялық жобаның құжатын дайындап қойдық. Келесі жылы Үкіметтің қолдауымен осы жобалар іске асса, 300 мың гектар жайылым жерді суландыруға болады. Осы жобалардың құны 4,5 млрд.теңге.

Саратов облысынан 105 млн.текше метр су сатып аламыз. Бұған мемлекеттік бюджеттен 3 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Бұрынғы құжаттарды қарасақ, 105 емес, 181 млн.текше метр су алынған. Яғни, біз 80 млн. текше метр су ала алмай жатырмыз. Осыны көрсетіп Үкіметке хат жаздық, қолдау табамыз деп үміттенемін. Қосымша қаржы бөлініп, Ресейден алатын суды 40-45 пайызға көбейтсек, Казталов, Жаңақала аудандарының су мәселесі шешіледі.

Қазір облыс халқының 88 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қамтылмай қалған 12 пайызы 50 адамға дейін тұрғыны бар шағын ауылдар. Ол ауылдарды орталықтандырылған жүйеге қосу мүмкін емес, өте қымбат. Жер асты суының қоры көп. 127 шағын ауылды жер асты суымен қамтуымыз керек, - деді Ғали Нәжімеденұлы.

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале