16.11.2020, 15:48
Оқылды: 78

Үкіметтік емес ұйымдарды қолдау күшеюде

«Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Серіктестік. Даму» атты облыстық ІХ форумда үкіметтік емес ұйымдар бас қосты. Орал қаласындағы Достық үйінде өткен форумда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің орынбасары Болат Тілепов азаматтық қоғам тұғырнамасын жүзеге асыруда өңірдегі қоғамдық ұйымдар белсенді еңбек етіп жатқанын атап өтті.

DACBF7A0-585C-446E-A08F-69B6D53054B8

«Кез келген мемлекетке күрмеулі түйткілдерді шешу үшін сенімді серіктес қажет. Бұл тұрғыда түрлі сала бойынша ішкі мәселелерді жақсы білетін қоғамдық ұйымдар қызметінің жандана түсуінің маңызы зор. Елімізде 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым бар. Олар қоғамдық, әлеуметтік, экономикалық мәселелерді шешуге үлес қосып келеді. Әсіресе, пандемия кезінде Батыс Қазақстан облысындағы үкіметтік емес ұйымдар белсенділігімен көзге түсті. Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға еріктілер ерекше атсалысуда», – деді форумға қатысушыларды онлайн құттықтаған Болат Тілепов. Облыс әкімі Ғали Есқалиев онлайн байланыс арқылы жергілікті деңгейде үкіметтік емес ұйымдарды қолдау жайын баяндады.

– Кез келген мемлекеттің тірегі – азаматтық қоғам. Батыс Қазақстан облысында жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынас орнатып, азаматтық бастамаларды жүзеге асырып жүрген қоғамдық ұйымдар қатары жыл сайын артып келеді. Он жылдың ішінде өңірдегі ҮЕҰ саны төрт есе көбейген. Бұл – азаматтық қоғам дамуының нақты көрсеткіші. Дегенмен үкіметтік емес ұйымдардың саны көптігімен емес, жұмыс сапасын артыра білуімен, тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуіне қосқан нақты үлесімен өлшенуі тиіс. Мемлекет тарапынан азаматтық қоғамды дамытуға бағытталған кешенді бастамаларды қаржыландыру тұрақты жүргізілуде. Облыстағы үкіметтік емес ұйымдарды қолдау үшін маңызды әлеуметтік жобаларды қаржыландыру көлемі соңғы сегіз жылда он есеге өскен. Қазіргі уақытта бұл бағытта бөлінген қаражат есебі 1 миллард 300 миллион теңгені құрайды. Өңіріміздегі ҮЕҰ-лар тұрғындарды толғандыратын барлық мәселені шешуден шет қалған емес. Қазіргі уақытта азаматтық қоғам мәселелерін жедел әрі кәсіби тұрғыда шеше алатын қоғамдық ұйымдар қалыптасты, – деген облыс әкімі Ғали Есқалиев коронавирус кезіндегі еріктілердің белсенділігін, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобалар жөнінде айтты.

Форумда Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді азаматтар әлеуетін игі іске пайдаланып, қоғамды дамытуға тарту керектігін ұдайы айтатынын сөзіне арқау етті.

«Мемлекеттің күшті болуы – мықты азаматтық қоғамы қалыптасуына негіз болуы. Президент тапсырмасына сәйкес азаматтық бақылау жөніндегі заң жобасын қабылдау бағытында Үкімет тарапынан қызу жұмыс жүргізілуде. Дамыған мемлекеттерде мемлекеттік құрылымдар қызметін азаматтық қоғам ерекше бақылауда ұстайды. Қоғам мәселелерін шешуге байланысты өз ұсыныс-пікірлерін ашық айтып, кемшіліктерді жоюға бірлесе атсалысады», – деді Бану Ғаниқызы. БҚО Азаматтық альянсының президенті Светлана Тенишева «Аймақтағы азаматтық институттардың дамуы», «Әйел. Қоғам. Болашақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Гүлмира Төлегенова «Отбасы құндылықтарын сақтау және дәріптеу мәселелеріндегі ҮЕҰ рөлі», «Үркер» өнер және мәдениетті қолдау орталығы жеке қоры» директоры Әлішер Ғұмаров «Аймақтағы урбанизация үрдісін дамытудағы азаматтық қоғамның рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Пікір алмасу кезеңінде облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев ҮЕҰ-ларды қолдау шаралары тұрақты жалғасатынын айтты. Форумда бір топ белсенді азамат, қоғамдық ұйымдар жетекшілері облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Н. Ғаппар,

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале