20.11.2020, 16:20
Оқылды: 54

Ақжайықта бұлақ көзі ашылды

Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылдық округінің іргесі 1928 жылы «Родник Новый» колхозының құрылуынан басталады. Бұл атаудың берілуіне негіз болған жайт – ауылдың іргесіндегі сай жаны тұма бұлақтарға толы болыпты. Уақыт өте келе бұрқырап аққан сансыз бұлақ түгелге жуық тартылып, көзі бітелді. Сол бітелген күйі, жер астында булығып жата берер ме еді. Егер көпті көрген Ұзақбай Молдашев ауыл әкімдігіне бас сұғып, сол бұлақтарды аршудың жөнін айтпаса...

5 (1)

Амандық-саулық сұрасқаннан кейін бірден іске әңгіменің бағытын бұрған ақсақал ауыл жастарының сай астындағы сол бұлақтардың көздерін ашуды ұсыныпты. «Жайыққа сенім артар жай жоқ бүгінде. Ауылдың малына су тапшы. Сайдың іргесіндегі қайнарларды аршып, тұма көзін босатсақ, қарасудың деңгейі көтеріліп, жағдай жақсарар еді», - деген қарияның сөзіне құлақ асқан округ әкімі Аслан Биғалиев арқаны кеңге салмай, ауыл жастарын жинап, ақылдасты.

Ауыл жастарының белсенділігінің арқасында бір-екі күннің ішінде қолында бар құрал-сайманмен бұрынғы бұлақтардың ізін тауып, екі тұманың көзін аршиды.

«Кезінде ауыл халқы Жайықтың суын ауыз су ретінде тасымалдап тұтыныпты. Өзен арнасынан тасыған кезде лайланып, ішуге жарамсыз болғандықтан, 1960-1970 жылдары бұлақтардың көзін ашып, оның суын ішуге пайдаланған екен. Оның айналасын шегендеп, мықтап тұрып бекіткенге ұқсайды. Оны аршығаннан кейін көрдік. Соңынан ауыл ішінен төрт-бес қоғамдық құдық қойылып, таза су тартылған соң, бұлақтың суы ұмытылды. Қараусыз қалған соң, мал тапап, айналасы тазартылмай, бітеліп қалған екен. Бірақ, бағымызға орай, жерасты суы тартылмаған, ауыл жастары, еріктілердің күшімен аршылған бұлақтың көзі әлі бүлкілдеп тұр», – дейді округ әкімі Аслан Биғалиұлы.

Ауылдастар көзі ашылған екі бұлақпен шектелмейтіндерін айтады. Аудан орталығындағы «ЖайықТехСервис» мекемесінен көмек сұрап, солардың техникасымен әзірге тауып отырған алты бірдей бұлақтын көзін ашуды жоспарлап отыр. Келер жылы бұлақтың айналасын қоршап, халық еркін барып, бұлақтын суын ішуіне, демалуына ыңғайлы орынға айналдырсақ деген ойлары да бар.

Жоғалып кеткен бұлақтың аумағын тазартып, қамқорлыққа алса, оның көзі қайта ашылатынына жаңабұлақтықтардың игі ісі дәлел. Қазақ «бұлақ көрсең, көзін аш» деп тектен-текке айтпаған.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале