Облыс әкімі Ғали Есқалиев Ақжайық ауданында болып, Орал-Атырау күре жолынан Алғабас ауылына дейінгі 30 шақырым жолды жөндеу жұмысымен танысты. Ауа райының күрт суып кетуіне байланысты мердігер «Жайыққұрылыс» ЖШС-ның жұмыс қарқыны баяу. Екі жылға жасалған келісімшарт негізінде жалпы ұзындығы 36,1 шақырым жөнделуі тиіс болса, биылға межеленген 16 шақырымдық жол бөлігінің әзірге 12 шақырымына ғана асфальт төселген.
Ғ.Нәжімеденұлы күннің суықтығын сылтауратпай, көрсетілген мерзімге дейін жұмысты аяқтау қажеттігін қаперге салып, тиісті мекемелерге сапасын уақытылы қадағалауды ескертті. Ол үшін құрылыс материалдарын тасымалдап, күн жылынысымен уақыт оздырмай жұмысқа кірісу керек.
Құрылыстың сапасы жайында әңгіме округ орталығы – Алғабас ауылындағы күрделі жөндеуден өткен орта мектепте болды. Осы жылдың мамыр айында басталған жөндеу жұмыстарына республикалық бюджеттен 678 305 миллион теңге бөлінген. Білім ордасында мердігерлермен кездескен облыс әкімі нысанның келісімшартта көрсетілген мерзімнен кешеуілдетіп тапсырылуының құрылысшыларға үлкен сын екенін айтты. Негізінен қазан айында жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс болса, карантиннің салдарынан құрылыс материалдарын уақтылы жеткізу мүмкін болмағандықтан, қарашаның 30-ына дейін созуға тура келген.
Типтік үлгідегі 624 орындық мектептің іргесі 1984 жылы қаланған. Осыған дейін күрделі жөндеуден өтпеген мектептің жанында 80 орындық интернат бар. Биылғы оқу жылына 292 оқушы қабылданса, 7 кезекші сыныпта 81 оқушы дәстүрлі түрде білім алуда.
Осы жерде тұрғындармен шағын жүздесу өтті. Ауыл үлкендері мен мұғалімдер қауымы мүлде жөндеу көрмеген мектептің жай-күйі алаңдатқанын, енді жұрттың тілегі қабыл болғанына қуаныштарын жеткізді.
Әсет Бисенғалиев
Ақжайық ауданы