24.11.2020, 10:23
Оқылды: 57

Қаратөбенің барлық мектебі интернетке қосылған

Қаратөбе ауданында карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты көмекке мұқтаж тұрғындарды әлеуметтік қолдау мақсатында мәжбүрлі демалыстағы 7 626 адамға 42,5 мың теңгеден 300,9 млн. теңге төленген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев айтып берді.

79907460-D7B8-4653-BF53-0CBF48355998

Аудан әкімінің айтуынша, пандемия кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарының ішінен 4 774 адам 26,6 млн. теңгеге азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтар үшін төлемдер алған. 154 отбасына (761 адам) 33 млн. 491 мың 900 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса,  алты жасқа дейінгі 96 балаға 942,9 мың теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік жиынтықтар берілген. Сәуір, мамыр айларында  945 аудан тұрғынының 15 мың теңгеден 28,2 млн. теңгенің  коммуналдық шығындары өтелген.

– Биылғы жылдың 1 қазан айына дейін негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 155,6% орындалып, 983,4 млн. теңгені құрап отыр. Аудан бюджеті қазіргі уақытта 5 492 396 мың теңгені құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд. 785 млн. теңгеге артты.   Ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде биыл құны 6 млрд. 531 млн. теңге болатын 17 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 3275 тонна ет, 8016 тонна сүт, 1,393 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Ауданда 19 шаруашылық асыл тұқымды ірі қара, екі шаруашылық асыл тұқымды жылқы, екі шаруашылық асыл тұқымды қой малын өсірумен айналысады. Асыл тұқымды мал басы 2019 жылмен салыстырғанда ірі қара – 123,9%, асыл тұқымды жылқы – 161,8%, асыл тұқымды қой малы – 103,8% өсіп отыр.  Соңғы бес жылда техникалық парк мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында 25%-ға жаңарды. Биыл аудан шаруашылықтары өз ісін жандандыруға 477,9 млн. тг инвестиция салса, мемлекет тарапынан 219,3 млн. тг, оның ішінде мал шаруашылығына 126,7 млн. тг және инвестициялық салымдардың шығындарын өтеуге 92,6 млн. тг субсидия төленді. Биылғы жылы қолданыстағы заңнамаға сәйкес ауданымызда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге үш рет конкурс өткізілді. Конкурсқа 77 лотпен 91720 га жер учаскесі шығарылып, қатысуға 305 өтініш түсті. Конкурс нәтижесі бойынша 68 өтініш иелері жеңімпаз болып табылып, оларға көлемі 89720 га  жер телімдері берілді және соңғы конкурста үш лот бойынша 2000 га жер теліміне өтініш берушілер болмауына байланысты лоттар ойнатылған жоқ.

Биыл  «gosreestr» порталында екі рет коммерциялық мақсаттағы жер учаскесіне аукцион өткізілді. Аукционға көлемі 1,6373 гектар құрайтын 14 жер учаскесі шығарылып, көлемі 0,379 га құрайтын бес жер учаскесінің жеңімпазы анықталды. Қалған тоғыз жер телімі  аукционға өтініш берушілердің болмауына байланысты келесі аукционға шығаруға ұсыныс берілді,  – деп атап өтті аудан әкімі.

Аудан әкімінің сөзіне сүйенсек, Қаратөбе ауданында кәсіпкерлік саласында ілгерілеушілік байқалады. Мәселен, биылғы жылдың 1 қазанына дейінгі жағдай бойынша ауданда 930 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға  артық. Қазіргі жұмыс жасап тұрған 904 кәсіпкерлік нысанында 1302 адам жұмыс жасайды екен.  «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының II бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 82 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқып, 47 адам 174,9 млн. тг көлемінде  несие алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы төрт шаруа қожалығы 143,2 млн.тг мал сатып алды.

Биыл 185 адамға грант беру жоспарланса, қазіргі таңда 132 жұмыссыз адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант 73,3 млн. тг көлемінде берілді. Жыл соңына дейін 61 адамға грант беру жұмыстары жалғаспақ.

Ауданда тұрғын үй кезегінде әр түрлі санат бойынша 237 адам тұр екен. Кезекте тұрған әлеуметтік осал топтарына жаңа баспана алуға мүмкіндік туғызу үшін аудан орталығында 67 бірпәтерлі тұрғын үйдің құрылысы өткен жылы басталған. Жыл соңына дейін аталған тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарға берілмек. Аудан орталығында жеке тұрғын үй салу үшін 252 адам жер теліміне кезекке тіркелген. Кезекте тұрған азаматтардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында биыл аудан орталығында 144 жер учаскесіне инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізілуде. Бір қуанарлығы, аудан халқының 91,3% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда Жусандыой ауылындағы  ауылішілік су құбырының құрылысы жүргізілуде. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» атты ІІІ бағыты  аясында биылғы жылдың 10 айында 1106 адам жұмысқа орналастырылған.

Қазіргі күнде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы Қаратөбе ауданы бойынша төрт инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың жалпы келісімшарт құны – 582,1 млн. теңге. Жоба аясында Қаратөбе ауданы Қалдығайты ауылы Қалдығайты орта білім беру мектебі ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу, Қаратөбе мектеп-гимназиясының және Шөптікөл орта мектебінің жертөлесін күрделі жөндеу, Қаратөбе ауылының Ә.Айтқожин, Ә.Тоққожин көшелерінің аутомобиль жолдарын С.Датұлы және М.Нысанов көше жолдары тоғысуымен қайта жаңғырту жұмыстары жасалуда. Қазіргі күнде  Ханкөл, Соналы, Үшағаш, Үшана, Төлен, Қоржын және Ақтайсай ауылдарына ұялы байланыс орнату бағытында жұмыстар жүргізілуде. Аудан мектептерінің барлығы интернетке  қосылған.

– Биылғы жылы әлемдік пандемияға байланысты денсаулық сақтау саласына күрделі кезең болғаны белгілі. Әлемді шарпыған індет ауданымызда да тіркеліп, сын сағатта ақ халатты абзал жандардың еңбегі мен еріктілердің (жеке кәсіпкерлер) көмегі зор болды. Ауданда бес бекет қойылып, онда полиция, денсаулық сақтау қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік етті. Аудан бойынша індет жұқтырған 76 жағдай тіркелді. Қазіргі таңда бұл аурудан 72 тұрғын емделіп шықты. Аудан бойынша үш дәріхана бар. Қазіргі таңда аудандық аурухана мен дәріханаларда дәрі-дәрмектер қоры жеткілікті. Пандемия кезінде денсаулық сақтау саласына демеушілік жасап, қолұшын берген азаматтарымызға алғысымыз шексіз,  –  деді Жанат Асантаев өз сөзінде.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале