15.12.2020, 9:54
Оқылды: 29

Медициналық сақтандыру – денсаулық кепілі

Өңірлік коммуникация қызметінің ақпарат алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиал директоры Нұржамал Жұмағұлова жыл басында іске қосылған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында атқарылған іс-шаралар туралы айтты. Нұржамал Жұмағұлованың дерегіне сүйенсек, Қазақстан халқының 88%-дан астамы (17 млн адам) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің қатысушысы болып есептеледі. 15 жеңілдік санаты бойынша 11 миллионға жуық азамат үшін жарнаны мемлекет төлейді. Қазақстандықтардың бір бөлігі қатаң карантин мен төтенше жағдай кезінде ММС жүйесіне жарналар төлеу мүмкіндігінен айырылды. Соған байланысты Үкімет қабылдаған шаралар нәтижесінде медициналық сақтандыру жүйесіне 46 мыңға жуық адам қайтадан қосылды.

 Медициналық сақтандыру – денсаулық кепілі

– Облыс бойынша тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызмет алатын 118 890 адам сақтандырылмаған. Осы мәселе бойынша жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесіп, біздің облыстың барлық тұрғыны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде медициналық қызметтердің толық пакетін алуы үшін халық арасында тұрақты негізде кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басты міндеті – емделушілер құқығын қорғау. Сондықтан қор филиалының сарапшылары қызмет сапасына үнемі мониторинг жүргізіп отырады және туындаған мәселелерді жедел шешуге тырысады, – деді  Нұржамал Жұмағұлова.

Облыс бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға  шамамен 14,7 млрд теңге аударылды. Мемлекет тарапынан экономикалық белсенді емес 355 мың адамға арналған аударым 7,8 млрд теңгені құрады. 3,7 млрд теңгеге жуық төлемді – жұмыс берушілер, 2 млрд теңгені – жалдамалы жұмыскерлер, 2,7 млн теңгені – жеке кәсіпкерлер, 1,4 млн теңгені – БЖТ төлеушілер, 980 мың теңгені – азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша еңбек ететіндер, 670 мың теңгені – дербес төлеушілер жіберді. ӘМСҚ үшін жарналар мен аударымдар Ұлттық банктегі арнайы шотқа түседі. Бұл қаражат әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жеткізуші медициналық ұйымдары көрсеткен ӘМСҚ пакетінің медициналық қызметтеріне ақы төлеуге бағытталады.

ҚР ДСМ 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығына өзгерістер енгізілуіне байланысты МӘМС шеңберінде енді 18 жасқа дейінгі балалар да бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Облыс бойынша амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету  мақсатында МСАК ұйымдарының жанында ДЗ мен МИ-ді тегін босатуға арналған дәріханалар қызмет етеді. Амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін нысандар диспансерлік науқастарға, сондай-ақ осы медициналық ұйымға тіркелген емделушілерге бекітілген бұйрыққа сәйкес рецептілерді жазып береді. Тегін және жеңілдік шарттарымен босатылатын дәрілік заттарды алуға арналған рецептілер үш ай бойы жарамды. Биыл тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуге өтінім 8 578 330 255,82 теңгені құрады.

2020 жылдың 11 айында әр түрлі кері байланыс арналары арқылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалына халықтан 41 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Өтініш жолдағандар арасында Орал қаласы мен Ақжайық және Бөрлі ауданының тұрғындары белсенді екені байқалды. Соның арқасында ММС мәртебесін алу, дәрілік заттардың болмауы, консультациялық-диагностикалық қызметтерді ұзақ күту, емханалар мен стационарларда медициналық көмек көрсету сапасы, медициналық ұйымдар қызметкерлерінің дәрігерлік әдеп пен деонтологияны сақтамауы, емдеуге жатқызудан бас тартуына қатысты көптеген мәселе шешімін тапты.

Өтініштердің басым бөлігі, яки 39 мыңы консультациялық сипатқа ие. Одан әрі саралап айтсақ, жыл басынан бері 970 шағым жолданды, 1030 жағдайда тұрғындар медициналық ұйымдар мен дәрігерлерге алғыс айтты.  Жұмысты жетілдіре түсу бойынша 21 ұсыныс келіп түсті. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының кері байланыс арналары арасынан үздік шыққан 1406 байланыс орталығы 32 мыңнан астам қоңырау қабылдады. Операторлар үшін өте қауырт кезең жазғы маусым болды. Сонымен қатар абоненттердің сұрақтары эпидемиологиялық жағдайда медициналық көмек алуға ғана қатысты емес, өтініш берушілер азық-түлік сатып алуға қаражаттың жоқтығын, жеке өміріндегі мәселелерді айтып шағымданған.

 

Нұртай Текебай,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале