Бүгін Қаратөбе ауданында 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара өтті.
Егемендігімізді айғақтайтын еліміздің ең басты мерекесінің құрметіне орай өткізілген салтанатты жиынның ашылуында мемлекеттік әнұран орындалды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Жанат Асантаев құттықтау сөз сөйлеп, тәуелсіздіктің мәні мен маңызына тоқталды. Аудан халқын егемендіктің 29 жылдығымен құттықтаған аудан басшысы әр салада өнімді еңбек етіп жүрген мамандарды марапаттады.
Марапаттау салтанатында «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Берік Нұрмағанбетов марапатталса, Батыс Қазақстан облысы әкімінің және облыстық мәслихаттың бірлескен Құрмет грамотасымен Қаратөбе аудандық ауруханасы және «Елім-ай» әжелер ансамблі марапатталды.
Шара барысында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының алғысхаты аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Нұрберген Жоламановқа, «Қызмет» мемлекеттік, банк қызметкерлері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағы төрағасының алғыс хаты аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мербол Есендосов пен Қаратөбе ауданының мемлекеттік мұрағатының директоры Нұрзия Соқатоваға табысталды.
Сонымен қатар қызметтеріндегі елеулі еңбектері үшін облыс әкімі және аудан әкімінің алғысхаттары бірқатар мекеме қызметкерлеріне табысталды.
Мерекелік шара аудан көркемөнерпаздарының әншашуымен қорытындыланды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz