Әлем халқының бастарына түскен ауыртпашылық Қазақстан халқын да айналып өткен жоқ. Талай қиындықты иықтарымен көтерген жұртшылық бұл жолы да ойда жоқта келген кесапаттың жолын кесуге тырысып бағуда.
Шыңғырлаулықтар пандемия уақытында да ұйымшылдық пен бірліктің, бір-біріне деген жанашырлықтың үлгісін көрсете білді. Қашанда мейірбандылық пен қайырымдылықтың туын тік көтеріп келген ауданымыздың тұрғындарының арасында, әсіресе қыз -келіншектеріміз, соның ішінде кәсіпкерлеріміз іскерліктерімен көзге түсіп келеді. Оларды осындай мереке күні атаусыз қалдыру мүмкін емес. Еліміздің Тәуелсіздік күні қарсаңында аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бірқатар әйел-азаматшалармен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Олардың орта және шағын бизнес саласындағы тірліктері, жұмыста орын алатын мәселелері мен алдағы күннің жоспарлары ортаға салынды.
Отырыста орта және шағын бизнес өкілдері саналатын, ауданымызда және облыс көлемінде танымал болған Ақмарал Сиражқызына, Сәния Намиеваға, Лилия Жұмалиеваға алғыс хат және гүл ұсынылды.
- Сіздер және сіздердей әдемі қыз-келіншектеріміз адамдарға тек материалдық жағынан ғана көмек етпей, әрі жандарына шуақ сыйлай білді. Көп болып, ауыр кезді бірге бөлісті. Әсіресе карантин уақытында қиындық көрген отбасыларына тапқан табыстарыңыздан бөліп бердіңіздер. Жиі-жиі өткізілетін акциялар, қайырымдылық бұрыштары, тегін нан бөлкелер үлестірудің өзі – адамгершіліктің көрінісі. Тек сіздер ғана емес басқа да кәсіпкер әйел-аналарға алғысымыз шексіз. Баршаңыздың да еңбектеріңіз табысты болсын, өздеріңіз аман-сау жүріңіздер! - деді аудан әкімі Әлия Биғазықызы.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz