5.01.2021, 14:58
Оқылды: 71

«Сырым еліне» Нұр-Сұлтаннан хат жетті

Күнтізбе 2021 жылға ауысқанмен «Сырым елі» газеті редакциясы ұжымын 90 жылдық мерейтойымен құттықтаған хаттар легі толастар емес. Нұр-Сұлтан қаласынан ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен ыстық сәлемдеме келді. Хат иесі – вице-министр Нұрғиса Дәуешов.

IMG-20201231-WA0039

- Өмірден көргені мол, көкірегіне түйгені одан да көп адам осы жасқа жетсе, бәріміз бірауыздан абыз дейміз. Ал кіндік қаным тамған өлкедегі жаршы, шежіреші, жылт еткен жақсы жаңалығын шашау шығармай, хатқа түсіріп келе жатқан аудандық газет туралы не деуге болады?

Көршілес мемлекеттің бір облысының тарихын түгел қамтып, бүкіл атақты адамдары мен экономикасын ағыл-тегіл суретімен екі жүз бетке сыйдырған кітабын көріп, еріксіз ойға кеттім. Хамза Есенжанов жазғандай, Түбек елінің орта қазығы – Сырым елінің арғы-бергісі бұлай бір кітап түгіл, талай томға жүк болады.

Кеудемді туған топырағым үшін мақтаныш сезімі кернейді, - деп тебіренеді жерлесіміз.

Біздің газеттің күніндегі дәурені, журналистер буыны вице-министрдің де жүрегінде көркем естелік болып жүр екен: «Қолынан қаламы түспеген, жазғанын оқып, тәрбиесін көріп, тағылым алған жерлес журналист ағайындарды үнемі есіме ұстап жүремін. Көбінің бүгінде көзі жоқ, ізі бар.

Сіздер арқылы қасиетті атамекеніміздің шежіресі шегенделіп, қарапайым еңбек адамдарының есімдері тасқа қашалғандай, келешек тарихқа бара жатыр. Өнер мен әдебиет әлеміне талай жас қыранның томағасын сыпырып қостыңыздар. Тек жақсылық тілеймін! - деп аяқталады құттықтау хат.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале