11.01.2021, 15:05
Оқылды: 49

Алақандай ауданда пошта байланысы неге ала-құла?..

Өткен жылдың соңғы айларында Сырым, Қаратөбе аудандарында жиі іссапарда болып, карантин талаптарын сақтай отырып, оқырман қауымның пікірлерін біліп қайтқан едік. Осы сапарлар барысында Қаратөбе ауданының кейбір ауылдарына қатысты пошта байланысы жөнінде жергілікті жұрт тарапынан біраз өкпе-реніш айтылды. Әсіресе, Жусандыой, Сулыкөл ауылдық округтеріне қатысты әлгіндей мәселе жиі-жиі тілге тиек болды. Негізі мұндай мәселенің бар екендігін Қаратөбе ауданы әкімінің орынбасары Жасұлан Сұлтан да жоққа шығармады. Мәселенің мәнісін анықтау үшін «Қазпошта» АҚ-ның Қаратөбе аудандық бөлімшесінің басшысы Т.Мұхамбетжановты сөзге тарттық.

 алакандай ауданда пошта байланысы неге ала кула2

– Жалақының аздығынан кей ауылдық округтерде пошта қызметкері тұрақтамайды. Мысалы, осындай жағдайдың кесірінен өткен жаз айларында Жусандыой, Сулыкөл ауылдық округтеріне пошта тасымалы біраз баяулағаны рас. Қыркүйек айында екі аптадай Шөптікөл ауылына пошта жеткізуде де кідіріс болды. Бірақ бүгіндері бұл бағыттағы жұмыстар жүйелене келді. Ауданның елді мекендеріне бүгіндері пошта уақтылы жеткізілуде, - деді бізбен әңгіме-дүкен барысында «Қазпошта» АҚ-ның Қаратөбе ауданы бойынша бөлімшесінің басшысы Тұрарбек Мұхамбетжанов. Сөйте тұра қордаланған мәселеге тереңірек үңілу үшін біз Қаратөбе ауданына қарасты кейбір ауылдық округтердің әкімдерін де сөзге тарттық.

– Біздің ауыл-аймақтың тұрғындары газет-журналға жазылмайды емес, жазылады. Бірақ алдын ала ақшасы толық төленген баспасөз өнімдерін уақтылы ала алмай, реніш туындап жатады. Мысалы, 104 түтінді Ханкөл ауылы – 11 жылдық мектебі, 500-ге жуық тұрғыны бар ірі елді мекен. Ал осы ауылға қатысты пошта байланысы жыл бойы шешімін таппай келеді, - деді Жусандыой ауылдық округінің әкімі Талап Қазиев.

алакандай ауданда пошта байланысы неге ала кула

Сулыкөл ауылдық округінің әкімі Берікқали Мұса да осы бағыттағы базынасын айтты. Аталмыш округке қарасты 120 түтіні, 750 тұрғыны бар Үшана мен 60 түтіні 350 тұрғыны бар Төлен ауылына пошта ең бері дегенде екі-үш аптада бір-ақ рет жеткізіледі екен. Қазіргідей ұшқыр ақпарат һәм ақпарат тасқыны заманында бұл қанағаттанарлықтай нәтиже емес, әрине. Бұрындары өз алдына дербес ауылдық округ болған Шөптікөл ауыл-аймағы аудан орталығына тым таяу орналасқандықтан,  бүгіндері Қаратөбе ауылдық округінің қарамағында.

Ал аталмыш ауылдық округтің әкімі Абат Зинуллин Шөптікөлге газет-журнал жеткізу жөнінен кідірістер болып тұратындығын бүгіп қалмады. Ал Аққозы және Қаракөл ауылдық округтерінің атқамінер азаматтары өз ауыл-аймақтарына пошта апта сайын жеткізілетіндігін айтты. Пошта Аққозыға аудан орталығынан такси арқылы жеткізілсе, Қаракөл ауылдық округіне ауылдық әкімдіктің көлігі арқылы тасылатын көрінеді. Өйткені ауылдық әкімдік пен аудандық пошта бөлімшесі әлгіндей бағытта келісімшарт түзген екен. Саралжын ауылдық округінің әкімі Жасұлан Ермеғалиев те осы бағытта сөз саптады. Есесіне ендігі кезекте Егіндікөлге келейік. Егіндікөл ауылдық округіне қарасты бүгінде бір-ақ елді мекен бар, ол осы ауылдық округтің орталығы – Егіндікөл ауылы. Бұл ауыл-аймаққа қарасты бұрынғы бөлімшелер жұрт көшіп кеткеннен кейін бүгінде елді мекен санатынан жойылған. Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Ермек Сайыновтың сөзіне қарағанда, Егіндікөлге газет-журнал пошта қызметкері тек зейнетақыны әкелгенде, яғни айына бір-ақ рет келеді екен. Осыдан кейін егіндікөлдіктердің баспасөз өнімдеріне жазылуға құлшынысы қайдан жоғары болсын?! Міне, көрдіңіз бе, бар болғаны сегіз (8) ауылдық округі бар алақандай ауданда пошта бай-ланысы жөнінен ала-құлалық орын алып отыр. Бұл ағаттықты аудан әкімдігі мен «Қазпошта» АҚ-ның жергілікті басшылығы тізе қосып реттер деген үміттеміз.

 

Бауыржан Файзоллаұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале