Бұл туралы журналистермен өткен баспасөз мәслихатында БҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Рустам Ақмырзаев айтып берді.
Пара беру мен парақорлыққа делдал болу, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу дерегі үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында қабылданған нормаларға зер салсақ, соңғы екі жыл ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет облыста пара беру және пара беруге итермелеудің 53 дерегін анықтады. Қылмыстық жауапкершілікке 60 азамат тартылып, 51 адам сотталды. Оның ішінде үшеуі бас бостандығынан айыру, біреуі бостандығын шектеуге кесілді. Қалғандарына айыппұл салынып, айыппұлдың көлемі 2 млн теңгеге жуық соманы құрады. Сондай-ақ тоғыз тұлға ветеринариялық анықтамасыз ет сатуды кедергісіз жүзеге асыру үшін пара берсе, екі адам Орал қаласында пәтерлерді жеделдетілген түрде алу мақсатында лауазымды тұлғаларды пара алуға итермелеген. Өткен жылғы Мемлекет басшысының Жолдауында пара берушілер мен делдалдардың жауапкершілігін күшейту тапсырылды.
Лауазымды адамдарды параға сатып алумен әдейі айналысатын немесе заңсыз сыйақы беру кезінде делдал болған адамдар қылмыстық жауаптылықта болуы тиіс. Қазіргі күнде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қылмыстық кодекске тиісті түзетулер енгізілді. Мысалы, егер бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабының 2-бөлігінде көзделген «айтарлықтай мөлшерде пара беру» қылмысы үшін ең жоғары санкция бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды құраса, тиісінше бұл әрекет орташа ауыр қылмыс деп танылды. Қазіргі жаңа редакцияға сәйкес, жазаның жоғарғы шегі жеті жылға дейін ұлғайтылды. Пара берушілер де, пара алушылар да қатаң жазаланатын болады, - дейді Рустам Ақмырзаев.
Брифингте парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық топпен немесе өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сыбайластық жасаған адамдарға қауіпсіздігі төмен колонияда жазаны бірден өтеудің мүмкін еместігі де айтылды. Оларға шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу түріндегі қатаң шаралар қолданылмақ. Пара бергені және парақорлыққа делдал болғаны үшін айыппұл мөлшері де бірнеше есеге өскен. Мысалы, енді қарапайым пара берушілер үшін (50 АЕК немесе 145 мың теңгеге дейін) айыппұлдың ең төменгі мөлшері екі есеге, параның 10 еселенген мөлшерінен 20 еселенген мөлшеріне дейін ұлғайтылды. Егер адам 100 мың теңге пара бергені үшін сотталған болса, онда оған ең төменгі айыппұл ретінде сотпен тағайындалған айыппұл мөлшері 2 млн теңгені құрайды. Осыған дейін ең төменгі айыппұл мөлшері 1 млн теңгені құрады. Сол сияқты делдалдар үшін де айыппұлдың мөлшері екі есеге ұлғайтылған.
2018 жылдан бастап ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыртқы істер министрлігімен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, бизнес пен инвестицияларды қорғау бойынша арнайы жобаны іске асырып келеді. Бұл кәсіпкерлерді жосықсыз лауазымды тұлғалар тарапынан ықтимал қысым жасау мен заңсыз сыйақы талаптарының алдын алу мақсатында қарастырылған.
– Бизнесті қорғауды күшейту, кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтірмеу мақсатында Қылмыстық кодекске жауапкершілікті күшейтетін түзетулер енгізілді. Енді құқық қорғау құрылымдары қызметкерлерінің бизнеске араласқаны үшін екі жылдың орнына бес жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қаупі бар. Құқық қорғау құрылымдары басшылығы мен судьялардың осындай әрекеттерді жасауы одан да қатаң жазаға, яғни сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Жоғарыда баяндалған барлық заңнамалық норманың қабылдануы – жемқорлықпен күресті күшейтуге зор үлес қосып, оның деңгейін төмендетуге ықпал ететін болады», - деп атап өтті Рустам Сапарбекұлы.
zhaikpress.kz