Соңғы уақытта жаңбыр сіркіреп, Теректінің ауа райы тосын мінезін танытты. Оның үстіне түнгі аяз жердің бетін қатырып, кеше ғана жүріп өткен жолымыз бүгін айнадай жарқырап, көктайғаққа айналды. Мұндайда алаңсыз адымдай да алмайсыз. Көктайғақ, расымен де қауіпті-ақ. Соның салдарынан мертігіп жатқандар да кездеседі. Абырой болғанда, Теректі ауданы бойынша мұзтайғақтан жапа шеккендер жоқ екен. Бұл туралы Теректі ауданының бас дәрігері Зейіл Мағзомов мәлімдеп, тұрғындарға барынша абай болуға кеңес береді.
Ал Теректі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау капитаны Бибарыс Нығметжанов: «Көктайғақ құбылыстары әдетте температураның күрт төмендеуінен және ұзақ атмосфералық жауынның салдарынан туындайды. Сөйтіп облыстың автокөлік жолдарының, облыс орталығы мен елді мекендердің жол-көше желісінің қауіпсіздігіне күрт әсерін тигізеді.
Бұл кезеңде жол-көлік апаттары мен адамдардың жарақат алу деңгейі өседі. ВЛЭП-тің бұзылу нәтижесінде аудан, ауылдарға, Орал қаласының өнеркәсіптік және тұрғын кварталдарына 2-3 тәулікке дейін электроқуат берілуі тоқтатылу мүмкін.
Жалпы көктайғаққа қалай дайындалу керек? Егер де ауа райының болжамында көктайғаққа немесе көк мұз туралы хабарлама берілсе, зақым алу мүмкіндігін төмендету үшін шаралар қабылдаңыз. Аз сырғанайтын аяқ киім дайындаңыз, өкшесіне металл тоқпақ немесе поролон, құрғақ лейкопластырь немесе ажыратушы таспа жабыстырыңыздар, сондай-ақ, табанын құммен сүртуге болады (зімпара қағазымен).
Көктайғақ кезінде аяқты аздап босаң ұстау керек. Үлкен кісілерге резеңке ұшы бар немесе үшкір басы бар арнайы таяқты пайдалану ұсынылады. Егер сіздің аяғыңыз тайып кетсе, құлау биіктігін төмендету үшін отыра қалыңыз. Құлаған сәтте жиналуға тырысыңыз және домалап жерге соққыны төмендету керек», - дейді сала маманы.
Биыл қардың ерте түскені әмбеге аян. Қазіргі таңда аудан бойынша үйілген қардан жолды тазарту, жаяу жүргіншілерге арналған жолды аршу жұмыстары қызу жүруде.
- Ең басты 3 бағыт, яғни «Подстепный-Федоровка», «Барбастау-Индербор», «Самара-Шымкент-Сарыөмір» секілді республикалық, халықаралық жол-көлік байланысындағы маңызды бағыттардағы ауыл жолдарын қардан тазалап отырамыз. Бұл жұмыстарды «СпецТехника» кәсіпкерлігі қолға алды. Сонымен қатар Теректі ауданы бойынша ауылдарға кіреберіс жолдарын да ұдайы тазартуды басты назарға ұстап отырмыз, - дейді Теректі аудандық ТҮКШ, ЖКАЖ бөлімінің басшысы Миржан Нұртазиев.
- Теректі ауданы бойынша Батыс Қазақстан облысының республикалық маңызы бар А-30 «Подстепное - Федоровка - РФ.шекарасы» 0-144 шақырым және М-32 «РФ.шекарасы (Самараға)-Шымкент» 261-337 шақырым автомобиль жолдары кіреді. Жолды күтіп ұстау жұмыстарын мердігер ұйым «Қазақавтожол» ЖШС БҚОФ атқарады. Бұл жолда ЖПП-2 мен ЖПУ-38 орналасқан.
Қазіргі уақытта ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көктайғақтың алдын алу үшін қыс басталғалы 400 тонна құм себілді. ЖПП-2 жолды күтіп ұстау үшін 1 КамАЗ, 1 тиегіш, 1 автогрейдер техникалары бар. Ауа райының өзгеріп тұруына байланысты ЖПУ-38-ден көмекке қосымша КДМ-2 бірлік жолданады. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ жұмыстардың уақытылы орындалуын әркез қадағалап отырады. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚОФ директорының міндетін атқарушы Елдар Садық хабарлады.
Айта кетейік, синоптиктердің мәліметінше, өңіріміздің кей жерлерінде тұман, көктайғақ, жаяу бұрқасын болуы ықтимал. Жел оңтүстік-шығыстан соғады, түнде кей жерлерде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетпек.
Ауа райының күрт құбылуына байланысты полицейлер көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерді барынша сақ болуға шақырады.
Айшабибі Мәмет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz