Бөкей ордасына қарасты Хан ордасы ауылдық округі Сейтқали елді мекенінде «Сейтқали – менің жүрегім» атты монумент орнатылды. Шағын ауылдың ажарын айшықтаған монумент нысанына Исатай Құрмашев, Жұмагелді Иматалиев бастап, «Алғашық» бастауыш мектеп басшысы Бибігүл Қуанғалиева қостап, Сейтқали топырағынан өсіп-өнген барша азаматтар атсалысты.
Қазіргі таңда Тараз, Көкшетау қалаларында тұрып жатқан жерлестеріміз де қалыс қалмады. «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» екен. Еліміздің қай түкпірінде жүрсе де, туған ауылға деген сағыныш болады. Шағын ауыл үшін айтулы шарадан қалыс қалмаған барлық сейтқалилықтарға айтарымыз алғыс қана. Миллионнан астам қаржы жиналды. Дәнекерлеуші Тілек Мақсотов бастаған, Ж.Қуанғалиев, Н.Құрмашев, Б.Құсаиынов, Е.Мырзабаев, Ө.Сарғұлақов С.Галимов, М.Хасенов, Қ.Бекжанов, Ж.Бижанов, М.Телеубаев сияқты ауыл азаматтары монументті орнатып, құрылыстың жұмысын жүзеге асырды.
Монументтің ашылу салтанатына аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов, ауылдық округ әкімі Медет Сисенов те куә болды.
Аудан басшысы «бірлік бар жерде тынымды тірлік бар» екенін айтып, ауылдың ұйымшылдығына ризашылығын білдірді.
Ауыл түлегі Исатай Құрмашев «Туған жерге» деп жыр шумақтарынан шашу шашса, ауылнай Жақсыбай Қуанғалиев бір үйдің баласындай бірігіп, үлкен іс тындырған ауыл азаматтарына алғысын айтты.
Әсем Алпамысқызы,
Сейтқали елді мекені
Бөкей ордасы ауданы