Раздольный ауылында өткен Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың есептік кездесуінде ауылдық округ әкімі Жалғас Жиенғалиев өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын баяндады. Негізінен мал бағып, егін еккен шағын ғана ауылда жыл санап мал басы артып келеді. Шағын және орта бизнес те қарқынды дамуда. Тұрғындардың нобайы ауылдағы «Раздолье» ЖШС мен «Достық» шаруа қожалығында еңбек етеді.
Ауыл әкімі Жалғас Анатолийұлының айтуынша, елімізге ғана емес, барша әлемге зардабын тигізген індет раздольныйлықтарды да айналып өтпеген. Төтенше жағдай кезінде ауыл кәсіпкерлері мұқтаж отбасыларға азық-түлік алып беріп, өздері өндірген өнімдерін ұсынса, ауыл еріктілері мен жастар маскалар тігіп, қолдан келген көмегін көрсеткен.
- Өткен жылы біраз іс тындырдық, десе де онымен жұмыс тоқтамайды. Бүгінде округке қарасты Ақбидай ауылын таза ауыз сумен қамту мәселесі шешімін күтуде. Ауылдағы су құбырларының ескіргені де біраз қиындықтар туғызып отыр. Электр желілерін ретке келтіруді де қолға алған жөн. Сондай-ақ Ақбидай ауылына газ өткізу мәселесі де көпті толғандырады, - деді Ж.Жиенғалиев.
Одан соң аудан әкімі Марат Тоқжанов сөз алып, өткен жылы атқарылған жұмыстар жайында баян етті. Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік әлеуметтік нысандарды жөндеу және инфрақұрылымды жетілдіру жайын аудан басшысы алға тартты.
Сонымен қатар округке қарасты Ақбидай ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесі бүгінде шешімін тапқанын Марат Лұқпанұлы өз сөзінде атап өтті.
Жиын соңында тұрғындар ауылға келер жол, малдардың жаппай бруцеллезге шалдығуы, жұмыссыздық сияқты мәселелерді көтерді.
Жол мәселесі бүгінде күйіп тұрғанын жеткізген аудан басшысы Раздольныйға келер жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқандығын, арнайы сараптама қорытындысы шығысымен жөндеу жұмыстары басталатындығын айтты.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz