25.01.2021, 10:52
Оқылды: 44

Теректілік Мақпалдың ісмерлігі таңғалдырады

Қазақ қашаннан он саусағынан өнер тамған ісмер жандарға кенде емес. «Алла тағала пендеге тоқсан тоғыз қасиет береді», - дейді дінімізде. Соның әр адамға бес-алты қасиеті дариды екен. Сондай қасиеттің бірі – ісмерлік.

 макпал (1)

Асқан шеберлігімен елдің алғысына бөленіп, ризашылығын алып жүрген Мақпал Орынбасарова сүйікті ісімен айналысып, тігіншілік өнерді кәсіп етіп келеді.

Кейіпкеріміз Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында 1992 жылы дүние есігін ашқан. Жастайынан білімге құштар Мақпал он бір жылдық мектепті үздік бағамен тәмамдаған. Кейін Орал қаласындағы ірі ғылым және білім ордасына айналған Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ветеринарлық-санитарлық мамандығы бойынша білім алып, аталмыш оқу орнын қызыл дипломмен аяқтайды. Еңселі оқу орнынан ғылыми магистр дәрежесін де сәтті қорғап шыққан.

- Екінші курс оқып жүргенде тұрмыс құрдым. Қазіргі таңда Подстепный ауылында отбасымызбен тұрып жатырмыз. Ісмерлікпен бала кезімнен бастап шұғылданамын. Анам Жұмагүл және апаларымның жанында жүріп, тігіншілікке деген қызығушылығым ояна бастады. Сөйтіп, ең бірінші рет кәжекей тігіп алғаным есімде. Жалпы қасиетті Маңғыстау өңірінің тұрғындары ұлттық киіммен жүретіні әмбеге аян. Соның әсері шығар, қазақи нақыштағы киімдерді, бұйымдарды ұнатамын. Ветеринария саласы бойынша білім алсам да осы бір ісмерлікке бүйрегім бұрып тұрады. Осыны аңғарса керек, марқұм енем іс машина сатып алып берген еді. Үйге тігін машинасы келгеннен кейін ісмерлікке біржолата бет бұрдым, - дейді Мақпал.

макпал 1

Тігіншілік, қолөнермен айналысу – бүгінгі заманның ең табысты бизнесінің бірі. Сондай-ақ тігін ісі қажырлы еңбекті қажет ететін кәсіп екені де белгілі. Бұл орайда өзін тігіншілік өнеріне арнаған ісмердің қолынан келмейтіні жоқ. Оның қолынан шыққан көз тартар әдемі оюмен өрнектелген көрпе, жастықтары қазіргі уақытта біраз шаңырақта бар десек, артық айтқандық емес, әрине. Ұлттық нақышта тігілген киім-кешек те дәл солай. Тұрмыстық шаруашылыққа қолданылатын түрлі-түрлі бұйымдарды да жасайды. Қала берді, көйлек-көншекті де қайта жөндеуге әркез әзір. Бір сөзбен айтқанда, тапсырыс берген әр адамның сұлулығын әдемі көйлектерімен одан әрі көркейтіп, нәрлендіріп келеді. Салт-дәстүріміз бен өнерімізді дәріптеп, ұлттық нақыштағы киімдерімізді үлгі етуден жалыққан емес әсте.

- Береке ерінбей еңбек еткенге бітеді. Тігіншіге қажет ең басты қасиет – шыдамдылық пен ынта. Тігіншілік өнердің бойға шабыт беріп, көңілге шаттық ұялататыны рас. Адамды іскерлікке, икемділікке, сабырлы болуға баулиды. Сонымен қатар зеректік пен ептілікке тәрбиелейді. Іс тігумен қатар тоқыма да тоқимын. Сөйтіп барлығын саттыққа шығарамын. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары. Мәселен, оралдықтармен қатар Атырау, Ақтөбе қалаларынан да тапсырыстар болып тұрады. Анда-санда шеберлік сағаттарын да ұйымдастырып, бар білген-түйгендеріммен бөлісемін, - дейді Мақпал Саматқызы.

Айтпақшы, жолдасы Ақылбек те қолөнерден алыс емес. Ол ер тоқым, қамшы, таға т.б. ұлттық бұйымдарды жасап, Орал қаласынан «ARǴYMAQ» деген ат әбзелдерін сататын дүкен ашқан. Ветеринарлық дәріханалары да осы жерде орналасқан.

Ақылбек пен Мақпал Саят сынды ұл мен Үлбір, Бұрымдай ерекше есімді қыз балалар тәрбиелеп отырған жас жанұя. Мақпалдың айтуынша, сегіз жасар Саян да қолғабыс етіп, іс тігуге көмек қолын созады екен.

Мақпал Саматқызының «ауқымы кең тігін шеберханамды ашсам» деген  арманы да бар. Ендеше, хас шеберлігімен танылған Мақпалдың мақсаты орындала берсін!

 

Самал Жәмет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале