Күй – құдірет, күй – ғұмыр, күй – ұлтымыздың рухани бейнесі. Күй – қазақ халқының кешегісі мен болашағы. Өнер иелері барда киелі күй мұрамыз жоғалмақ емес. Батыс өлкесінің бір бөлігі – Жаңақала өңірі күй өнеріне үлкен үлес қосуда.
Аты аңызға айналған тума дарын иесінің орындаушылық шеберлігін мойындаған көнекөз қариялар Дина анамыз жайлы әлі күнге жыр қылып айтып отырады. Қазақтың күй өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ұлағатты ұстаз, шебер күйші Дина Кенжеқызының есімі ел есінде.
Жақында күйші-композитор Динаның туғанына 160 жыл толуына орай Д.Нұрпейісова атындағы өнер музейінде «Дара да дана Дина» атты көрме ашылды. Дина Нұрпейісова 1861-1955 жылдары өмір сүрген қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Бекетай құмында дүниеге келген. Композитор шығармашылығының кемелденіп, күйшілік, орындаушылық өнерінің шабыттанған шағы кеңестік дәуір. 76 жасында халық аспаптарын орындаушы өнерпаздардың Москвада өткен Бүкілодақтық бірінші байқауына қатысып, жүлделі орынды иемденді. Бұдан кейін, яғни 1944 жылы 83 жасында Орта Азияның бес республикасынан шақырылған Ташкент қаласында өткен онкүндікте күйші тағы да жүлделі орынды жеңіп алды. Әкесі Кенже домбыра шертіп, атбегілікпен айналысқан. Қызына 5-6 жасынан бастап-ақ домбырашылық өнердің қыр-сырын үйрете бастаған. Оның ұлы күйші Құрманғазымен алғаш кездесуі осы тұста болатын. Дина ұстазының күйлерін үйреніп қана қоймай, оның күйшілік-орындаушылық дәстүрін жалғастырады. Динаның «Бұлбұл», «Байжұма», «Көгентүп» атты тырнақалды күйлерінде халқымыздың күйшілік дәстүрі айқын сезіледі. Дина Кенжеқызы жарық дүниеде тоқсан жылдан астам ғұмыр кешіп, өмірінің саналы жылдарының бәрін өнерге, халқының рухани игілігіне арнаған. Күй – құдірет, күй – ғұмыр, күй – ұлтымыздың рухани бейнесі. Күй – қазақ халқының кешегісі мен болашағы. Күйшілік дәстүрді жалғастырушы, насихаттаушы бүгінгі жас домбырашыларға Дина анамыздың дарыны жұғысты болғай.
Сымбат Рысқалиева,
Д. Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейінің меңгерушісі,
Жаңақала ауданы