Зейнетақы жинағын мерзімінен ерте пайдалануға рұқсат етілгенде, қалың жұртшылық көптен күтіп жүрген жобаның іске қосылғанына елең ете қалып еді. Үкімет салымшылар жасына байланысты жинақтан артылған соманы босатып алу шегін белгілегеннен кейін көпшілік үшін жаппай шотқа аудару мүмкін емес екені мәлім болды. Десек те, ен байлыққа ие болғандар ғана емес, ерінбей еңбек еткендер де бейнетінің зейнетін ерте көре алады екен.
Ақпанның 2-сі күні «Отбасы банк» АҚ-ның басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова Қазақстан бойынша 50 мың өтінім мақұлданғанын атап өтті. Соның 41%-ы ипотекалық заем бойынша қарызды өтеуге, 21%-ы баспананы толық сатып алуға бағытталған. Зейнетақы жинағының игілігін тұңғыш көріп жатқандар туралы ақпарат жарияланып та үлгерді. Ақпан айы басталғанда Шымкент қаласының тұрғыны ипотеканы «Отбасы банктен» аралық заем арқылы рәсімдеп, үлестік қатысу шарты бойынша үй сатып алды. Бастапқы жарнаға зейнетақы жинағындағы қаржыны құйған.
Зейнетақы жинағындағы жеткілікті мөлшерден асқан соманы шотына аударуға сұраныс жолдағандардың біразына өтінімі мақұлданғаны жөнінде хабарламалар келе бастады. Орал қаласының тұрғыны Еркін Карин мобильді қосымшадағы электронды хабарлама отбасына зор қуаныш сыйлағанын айтады. «2007 жылы ипотекаға үй алғанбыз. Кейін қайта қаржыландыру (рефинансирова-ние) жүргізілді. Содан кейін бір миллион теңгеден астам ипотека өтемі қалды. Жауып тастауға артық қаражаттың реті шықпай, әрі қарай төлеуге тым созылып кеткендей сезініп, әрі-сәрі күйде жүр едік. «Зейнетақы жинағынан қаражат аударуға болады» деген хабар іздегенге сұраған болып шықты. Тексерсек, жинағымдағы жарна мөлшері төрт миллионнан асыпты. «Күн қатып, түн қатып», интернет желісінің жеңілдегенін күтіп, өтініш жаздық. Бір аптадан соң жауабы жетті. Мақұлдаған екен. Алла қосса, банкке барып, құжат рәсімдеуге кірісемін. Негізі, бұл қаржыны елімізде құрас-тырылған жаңа көліктерді несиеге рәсімдеуге алғашқы жарна ретінде берсе, қала мен далада жүйткіген автолар біраз жаңарып қалар еді», – деді Еркін Карин.
Мақаланың толық нұсқасын "Орал өңірі" газетінің №11 санынан оқи аласыздар.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz