Шыңғырлау аудандық ішкі саясат бөлімнің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында дөңгелек үстел аудандық кітапхана ғимаратында өткізілді.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Жоламанова шараны бастап, мақаланы таныстырып өтті. Аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Сабыр Самиев өткен заман мен қазіргі заманды салыстыра отыра, жастардың мүмкіндіктері көп екендігі, еріншектікке бой алдырмай, болашаққа нық қадам жасай білу керектігін айтты.
Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы М.Бекжанов қоғамның тыныштығы, тәуелсіздіктің белгісі тақырыбында ой өрбітіп: «Ендігі еліміз оңтүстік, батыс, шығыс, солтүстік деп бөлінбейді. Ол тек қана бағытты білдіретін атаулар. Қазіргі таңда біртұтастыққа қол жеткіздік, осы орайда елімізді қандай жағдайда болмасын қорғай алуымыз керек» - деді.
«Изги-ай» татар мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Л.Волошина да Тәуелсіздіктің барлық халыққа қымбат екендігі жөнінде баяндады. «Қазақ жерінде бағзы заманнан бері көптеген ұлттар өмір сүріп келеді. Олар қазақ елін «Отаным» деп қана қоймай, барлық салт-дәстүрін дәріптеп, қазақ тілінде сайрайтындары да бар. Өзге ұлт өкілдерінің 10-ының 7-еуі Наурыз мейрамын тойлап, ұлттық тағамдарды дайындайды екен. Мұның бәрі еліміздің әрбір азаматы мен азаматшасының бейбіт өмірді бағалайтындығының, бірлікте өмір сүріп жатқандарының дәлелі» - деді ол.
Ал аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Н.Қайыржанов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» тақырыбында өз ойымен бөлісіп, осы орайда жастар мен аға буындарды жиі кездестіріп сұқбат, жиындар өткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Айбарша Лекерова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz