10.02.2021, 10:56
Оқылды: 46

Шыңғырлауда қысқы шаңғы жорығы өтті

Туризм және экология орталығының қызметкерлері екі күндік шаңғы жорығына шықты. Жорыққа шығар алдында құрал-жабдықтары дайындалып, қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Шаңғы жорығының маршруты «Шыңғырлау ауылы-Ащы өзені-Ащысай ауылы-Шыңғырлау ауылы» бойынша өтіп, орталықтың жеті қосымша білім беру педагогтері барып келді.

7E6FBE69-786F-4BD2-85B0-BF44BF7C3D7C

18 қаңтар күні таңертең орталықтың алдынан қозғалып кеттік. Сол күні ауа райы қолайлы болды. Туризм бөлімінің меңгерушісі Сарбиназ Хамитқызына алғысымыз шексіз. Жасы үлкен болса да жорыққа бірге шығып, шаршаған кезімізде рух беріп отырды. Жолай тоқтап отырып, Ащы өзеніне түстен кейін жеттік. Барған мәзірде әр жорыққа қатысушы өз міндеттеріне көшті. Қысқы шатырды орнатардың алдында қарды ашып, астына целлофан жайып құрдық. Айналамыз орманды алқап болғандықтан, от жағу қиындыққа түспеді. Ашы өзенінде «Балықтарға дем алу үшін ұңғымалар жасау» экологиялық акциясын өткіздік. Шатыр іші жылы болды, жеңіл киіммен отырдық. Далада пісірілген ас өте дәмді шықты. Тамақтанып болған соң шашка, тоғызқұмалақ, шахмат ойнап, мықтыларды анықтадық. Шашка ойынынан үздік ойыншылар – С.Шорабаев, Р.Қажғалиева, шахматтан – А.Есқалиев, тоғызқұмалақтан Р.Сағидулов, А.Гайсиева танылды. Туристік әндер жарысынан Т.Исқалиев және С.Сулеймановаға жетер жан болмады.

Ертеңіне таңертең сағат 8.00-де ұйқыдан тұрып, жуынып, таңғы асымызды ішкен соң жолға аттандық. 30-40 минут сайын тынығып, демалып отырдық. Түскі 1.30-дың шамасында Ащысай ауылы көрінді. Жорығымызды түскі сағат 2.00-де аяқтадық. Соңғы нүктемізге жеткенде шаршағанымыз басылып, көңіліміз көтеріліп жүре берді. 

Екі күндік шаңғымен саяхат жорығы кей қиындықтарға қарамастан өзінің қайталанбас ерекшелігімен есте қалды. Шаңғы жорықтары кезінде қатысушылардың физикалық дайындығы мен жасына байланысты түсетін күштің сәйкес келу қажеттілігін есте сақтау қажет. Ересек туристер үшін күндізгі жүру күніне 25-30 км құрайды. Бұндай жүруге жаттыққан топ аса күш жұмсаусыз, үнемі жаттығусыз орындайды, әсіресе көп күндік жорықтарда бұлай жүру қиын. Мектеп оқушыларымен жорықтарды ұйымдастыру кезінде дала жағдайында түнеуді жоспарлауға рұқсат етілмейтінін жадымызда сақтау керек. Жаңадан үйреніп жүрген ересек адамдар үшін де мұндай түнеуді ұйымдастырмаған дұрыс болады.    

                 С.Шорабаев,

туризм және экология орталығының

қосымша білім беру педагогі    

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале