10.02.2021, 17:57
Оқылды: 54

Тасқала ауданында отандық өнімді дамыту ісі жалғасын таппақ

Аудан экономикасының дамуының басты кепілі – ауданға инвестиция тарту мәселесі. Бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп келеді. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6 млрд 588 млн. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2019 жылдың сәйкес кезеңінің деңгейінен 57,8%-ға жоғары. Жұмсалған инвестиция көлемінің 60% (3949 млн) мемлекет қаражаты есебінен болса, 40% (2639 млн) өзіндік қаражат есебінен қалыптасты.

IMG_2541

Соның 42,6%-ы (1124 млн) – ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция. Жалпы құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд. 170 млн. теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда 168,6 %-ға артса, тұрғын үй құрылысының көлемі 3959 шаршы метрді құрап, 48%-,а төмендеді. Себебі 2019 жылы облыс қаражаты есебінен екі 3 қабатты тұрғын үй салынып пайдалануға берілсе, 2020 жылы тұрғын үй құрылысы тек жеке сектор қаражаты есебінен жүргізілді.

- Аудан экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды. Президент өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп атап өтті. Мемлекет басшысы өз сөзінде ауыл шаруашылығы саласын жаңа экономиканың драйверіне айналдыру мәселесіне баса мән берді. Ауыл шаруашылығы ел экономикасына тың серпін әкелетін, азық-түлік қауіпсіздігіне кепілдік беретін әлеуетке ие. Ауданда агроқұрылымдардың дамуымен қатар, тұрғындардың әл-ауқатының артуының бірден-бір жолы – жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту. Осы мақсатта екі жыл қатарынан құс сату жәрмеңкесі ұйымдастырылып, ауданға жалпы 50 мыңнан астам құс балапандары кіргізіліп, барлық ауылдық округтерге жеткізілді. Биылғы жылы осы жұмыстарды жалғастыра отырып, жеке кәсіпкер «Кенжалиев Ізбасар» қуаттылығы жылына 200 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосады. Бұл жоба өз кезегінде ауданда құс еті мен жұмыртқа бағасын төмендетуге ықпал етеді. Ағымдағы жылдан бастап қараусыз қалған бау-бақтарды есепке алып, біртіндеп қалпына келтіру жұмыстарын бастағалы отырмыз. Осы орайда аудан орталығында «Шевченко» және «Тасқала-Акку» шаруашылықтары 2,5 га жерге жеміс-жидек, ағаш көшеттерін, соның ішінде қылқан жапырақтыларды егу үшін питомник салуды қолға алуда. Осы жұмыстардың түпкілікті мақсаты аудан халқын бірінші қажет ететін 19 азық-түлік түрінің 10 түрін ауданда өндірілген өніммен мейілінше толық қамтамасыз ету. Соның ішінде құс еті, жұмыртқа, картоп, сәбіз, қырыққабат, ұн, күнбағыс майы, макарон, нан өнімдері және сүт өнімдері бар, - дейді аудан әкімі Алдияр Халелов.

 

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале