26.02.2021, 11:17
Оқылды: 42

Қыстан қысылмай шығамыз ба?

Әлмисақтан қазақ халқының тірлігі төрт-түлік малға тікелей байланысты болған. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген қағиданы берік ұстанған халқымыздың амандық сұрасуды мал-жаннан бастайтыны да сондықтан. Бүгінде жұртшылық төрт-түліктің қажеттілігін толық сезініп, мал шаруашылығына көңіл бөле бастады. Мемлекетті ет, сүт өнімдерімен қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламалар арқылы шаруасын ширатып отырғандар бар. Төрт түлік жесең – тамақ, кисең – киім, сатсаң – пұл, мінсең – көлік. Қысқасы, бүгінде қолда малың болса мұқтаждық көрмейсің, тұрмыстық қажеттілігіңді өтеп тұр. Мал асырап, оны көбейту үшін аз тер төгілмейді, тынымсыз еңбек етуге тура келеді. Алайда маңдай теріңді төге жүріп, бейнетпен тапқан малыңды асырау соңғы жылдары оңайға соқпай тұр. Былтырғы жылдың өзінде Жаңақала жұртшылығы біраз әбігерге түсті. Себебі өзен-көлдерге су жеткілікті деңгейде келмеді. Жауын да жарытып жаумады. Шөп шықпады. Соның салдарынан қуаңшылық болып, мал азығының тапшылығы айқын сезілді. Қауқары жеткендер шалғай аудандардан мал азығын тасып алды. Ауысқанын сатты. Не керек, шөп бағасы да шарықтап кетті. Бұл жағдай қарапайым халыққа қиындық әкелді. Дегенмен тәубесі мен шүкірінен жаңылмаған жұртымыз атар таңнан, келер күннен үмітін үзген жоқ. Қолымызға қалам алған соң, мал қыстату науқанының барысын білмек ниетте аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Бекқалиеваға хабарласқан едік.

578E12DD-F81F-4D0B-A98F-FBE23A016D03

- Статистика есебі бойынша, 2021 жылдың 1 қаңтарында ауданда мал басы: 71762 ірі қара, 160222 қой мен ешкі, 27243 жылқы, 647 түйе қыстаққа кірді. Барлық мал басына 152,6 мың тонна мал азығы қажет болса, нақты дайындалған 100,1 мың тонна және өткен жылдан қалған шөп 46,5 мың тоннаны қосқанда, жиналған мал азығы 96,1 пайызды құрап отыр. Бәріне мәлім, Жаңақала ауданы 3 жыл қатар құрғақшылыққа байланысты және лимандарға су шықпауы себебінен мал азығын дайындау қиындыққа түсті. Сол себептен көпшілігі мал азығын басқа аудандардан тасымалдады. Және шалғай құмның төрінен шөп шабылды. Мал қыстаққа ерте тұрып, жалпы жайылымдардағы шөптің қоры аз болуына байланысты мал азығы оңтүстік ауылдық округтерге жетпеуге қауіп келтірді.

2021 жылдың 11 қаңтар күні ауыл шаруашылығы және қаржы басқармалары, Жаңақала ауданының әкімдігі, Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бейнеконференция байланыс арқылы кеңес ұйымдастырылды. Соның қорытындысы бойынша Жаңақала ауданының әкімдігі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында қаржы бөлу мәселесін қарастыруға шешім етті. Бөлінетін қаржыға жанар-жағармайы алынып, облыс орталығынан ауданның ауылдық округтарына тасымалданатын жемнің құнын арзандату жоспарланды. Жаңақала ауданының әкімдігі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жанар-жағармайын бөлу жұмыстарын жүргізуде. Жем сататын ауыл шаруашылығы құрылымдары мен төмендетілген бағамен ауданға сату мүмкіндігін қарастырып, оң шешімін тапты. Күні бүгінге ауданға 44 тонна жем әкелінді. Соның ішінде 24 тонна көлеміндегі арпа ауданның жеке қосалқы шаруашылықтарына жеткізіліп, сатып алу бағасымен сатылды. Сондай-ақ аудан орталығы мен ауылдық округтерге қосымша сатылымға 20 тонна жем (30 келі 1 қапшығы 2400 теңгеден)  әкелініп, оны сату жұмыстары ұйымдастырылды.

6DCBC5BD-6E5F-4F9E-9A2D-BB524CCE4FC4

Жеке қосалқы шаруашылықтарға 2201 бума шөп және 2041 пресс тасымалданып, арзандатылған бағамен (7,0 мың теңге бума және 700 теңге пресс) сатылды.  Олардың шығындарын аудан әкімдігі арқылы өтеу жүргізілетін болады. Сондай-ақ аудандағы шаруашылықтар есебінен қайырымдылықпен 178 бума шөпті аз қамтылған 53 отбасыға, ал  216 қапшық жем 84 отбасыға таратылды. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады.

Қазіргі таңда мал азығы қорының 45,4 мың тоннасы қолда бар. Ірі қара және ұсақ малдар оңтүстік ауылдық округтерде қарашаның аяғында қыстаққа тұрды. Құм өңіріндегі малдар жайылымда, кешкілік уақытта қосымша шөппен азықтандырылып отыр. Ал жылқы малының 80 пайыздайы тебінде.

Жалпы, аудан бойынша 334 мал қыстағы болса, соның 269-і электр жарығымен қамтылған. Сондай-ақ, қыстың қолайлы болуына байланысты елдімекен, қыстақтармен жол қатынасы күні-бүгін қиындық туғызып отырған жоқ. Төрт түлік малдан ризық-несібесін терген аудан шаруалары қыс қаһарын жеңу үшін ұйымшылдықпен еңбек етуде,- дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Сәрсенбайқызы.

Мал қыстату – жауапты кезең. Бұл кезеңнен сүрінбей, шығынсыз өту табандылықты, ерен еңбекті талап етеді. Ақпан айы аяқталуы жақын болғанмен қаһарына мінген «кәрі құданың» не көрсетері әлі белгісіз. Осы орайда округ әкімдерімен де хабарласып, ауыл тұрғындарының мән-жайын білген болатынбыз.

Пятимар ауылдық округінің әкімі Жақсылық Хайрелов: «Ауылдық округте қуаңшылыққа байланысты жарытып шөп өспей, қожалықтар шөп шабу науқанына шықпады. Бар болғаны 3 шаруа қожалық шөп шапты. Бірақ тырмалап, әрбір жерден азын-аулақ мал азығын алды. Оның өзі тек өздерінің малдарына жететіндей ғана. Басқа шаруа қожалықтар шалғай жерлерден, яғни Шыңғырлау, Қаратөбе, Тасқала аудандарынан тасыды. Жеке тұрғындарға да жаз, күз мезгілдерінде аталмыш басқа аудандардан 7000-10000 теңге арасында халыққа мал азығы сатылды. Ауыл халқы қалталары көтергенше алды. Қыстан шығуға жететіндей алғанмен, басқа ауданнан келген шөптер бос буылуына орай жылдағыдан бір жарым есе көп кете бастады. Содан ауыл тұрғындары өз өтініштерін айтып, шөп жетпейтіндерін жеткізді. Бұл бағытта аудан әкімінің қолдауымен, шөп тасушы жеке кәсіпкерлермен келісімге отырып, жол шығынын әкімшілік төлеп, жеке кәсіпкерлер басқа ауданнан алған бағамен әкеліп сатты. Қаңтар айынан бастап мал азығы 7000 теңгеден сатылды. Қаңтар айынан бастап әкімшілікпен жеке кәсіпкердің арасындағы келісіммен 7000 теңгеден 356 дана шөп Қаратөбе, Сырым аудандарынан жеткізілді. Бұл жұмыс әлі жалғасуда. Сонымен қатар күз айларының басында ауыл маңындағы «Бесоба» лиманындағы құрақтарды шабуға шаруа қожалықтар сұрап келді.  Мал азығының қиындығына байланысты, біздің тараптан шабылған құрақтың тең жартысын ауыл халқына: соның ішінде аз қамтылған, жалғыз басты ана, жалғыз басты қария, көпбалалы ана, тағы басқа әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындарға 4000 теңгеден асырмай беруді айттық. Шаруа қожалықтар келісімін беріп, келісім бойынша жасады және шаруа қожалыққа көмектесіп жүрген жандарға тегін де берді. Қазіргі уақытта ауылға әлі 130 дана шамасында мал азығы қажет, оны жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде,- дейді ол.

- Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар және  қайырымдылық қорлары арқылы қолұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Осындай жақсы шара, яғни «Қайырымдылық марафоны»  Қызылоба ауылында да жалғасын тапты. Биылғы ауа райының қолайсыздығы, мал азығының жетіспеушілігі мен қымбатшылығы ауыл тұрғындарына біраз қиындықтар туғызды. Осыған байланысты Қызылоба ауылдық округі әкімшілігінің ұйымдастыруымен ауылымыздың шаруа қожалықтары бірігіп, ауыл тұрғындарына мал азығымен көмектесті. Зейнеткерлерге және аз қамтылған отбасыларға 85 қап тегін жем таратылды.

Аудан әкімінің төрағалығымен өткен аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясының шешімімен аудан аумағынан тыс жерлерден тасымалданған мал азығының бір бөлігін өтеу мақсатында Қаратөбе және Сырым аудандарынан  450 рулон шөп жеңілдетілген бағамен әкелініп, 80 үйге түсіріліп берілді. Арзандатылған жем 5 қаптан 25 үйге берілді,-дейді шаруасы оңды Қызылоба ауылдық округінің әкімі Аманжол Жұмағазиев.

С.Меңдешев пен Бірлік ауылдық округінде де жағдай тұрақты. Мал қыстату науқаны қалыпты деңгейде өтуде. Қос округте де аудан әкімінің және жеке кәсіпкерлердің қолдауымен жеңілдетілген бағада жем-шөп таратылған.

«Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» демекші, соңғы кездері «жаңақалалықтар мал азығының тапшылығына байланысты малдарын сатып, санын шектеуде» деген ақпарат ел ішін желдей кезген еді. Мұның да ақ-қарасын анықтайық деп аудандық ветеринариялық станция мекемесінің басшысы Марат Досмағамбетовке қоңырау шалдық.

- 2019 жылы 12048 бас ірі қара, 52712 бас қой-ешкі, 2475 жылқы, 250 түйе сатылса, 2020 жылы 12454 бас ірі қара, 34212 бас қой-ешкі, 4302 бас жылқы, 71 бас түйе сатылған. «Қуаңшылыққа, шөп жетіспеуіне орай халықтың көбі малын сатып, жоюда» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Тұрмыстық жағдайларына байланысты көбі малды жылдың аяғында сатады. Несиелерін жабу немесе басқа да қажеттіліктері үшін сататын шығар деп ойлаймын,- деді М.Болатұлы.

Сөз соңы

Міне, аудан аумағындағы мал қыстатудың жұмыстарының жайы осындай. Ұйымшылдық пен берекелі һәм жемісті еңбек бар жерде қыс қиындығынан қауіп жоқ деп ойлаймыз. Қыстың көбі кетіп, азы қалған сияқты көрінетіні рас. Аязы мен бораны қатар соққан ақпан да түгесілуге қалды. Арқамызды кеңге салып, наурызды көктемге қосып жүрміз. Демек, мал қыстатудың көп жүгі артта қалғанын теріс деуге болмас. Көп адам наурыздың 10-дарына қарай күн жылынады деп болжауда. Ендеше, ауызымыз аққа, малымыз көкке ілігетін күн жақын болғай деп тілейік!

Алтынбек Серікқалиұлы,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале