Жалпы гематолог қандай маман? Адамның денесі неліктен көгеріп, мұрны неге қанайды? Бұл сауалдарға жауапты гематологқа жүгінбестен бұрын білмеппін.
Денем бірнеше жерден көгергенін байқадым. Мән бермей жүре бергенмін, кешкісін тағы бірнеше жерім көгерген. Біздің Дәурен Маратұлы деген көршіміз аудандық аурухананың хирургі еді. Бірден дәрігер көршіме телефон соғып, адамның үсті неге көгеретінін сұрадым. Ол «ертең сараптама (анализ) тапсыр» деді.
Келесі күні анализ тапсырып, ойымда ештеңе жоқ жұмысқа кетіп қалдым. Түске таман телефон шалған дәрігер көршім: «Шошыма, бірақ саған тезірек гематологқа бару керек» -деді. Бұл 2020 жылдың 25-і қаңтары еді.
Қорқып кеттім, жылап алдым. Бірақ асықпай барармын деп, облыстық ауруханадағы гематологқа 31 қаңтар күніне жазылдым. Сонымен қалаға келіп, анализ тапсырдым. Гематолог маған тромбоцит мүлдем аз екенін айтып, қан сұйық екенін түсіндіріп, сол күні ауруханаға жатқызды. Екі апта ауруханада жатып, ем-дом алдым. Бірақ ауру ұзақ емделетін білмедім. D69.3 диагонозы қойылды. Ауылға келіп, емімді жалғастырдым.
Ауылға келгеннен күннен бастап, мені Дәурен Маратұлы өзі қарап, бақылай бастады. Иммунитетім әлсіз болғандықтан, әлсін-әлсін ауырып қалып жүрдім. Қан сұйық болғандықтан, қан кетуі болып тұрды. Күн-түн демей, система, укол өзі салып тұрды. Апта сайын анализ тапсыртып, оны бақылап отырды. Ресейдің Самара қаласына барып келдік. Ондағы гематологтар бір қымбат дәрі бар екенін, соны ішуге болатын айтты. Наурыз айының аяғында сол дәріні тауып, іше бастадым. Маған күш бергендей жазылып кететіндей қуандым. Оған дейін не істеп, не ойларымды білмей, қатты уайыммен жүрдім. Жаздай сол дәрімен жақсы жүрдім. Әлемдегі індеттің елімізде күшейген уақытында туған жеріме барып, саумал ішіп иммунитетімді күшейттім. Алайда тамыз айының аяғында ауруханаға қайта түстім.
Адамның бойындағы қаны көмірқышқыл газы мен оттегіні, сонымен қатар ағзаға керекті қоректік заттарды, ферменттер мен медиаторларды тасымалдау қызметін атқарады. Сондай-ақ токсинді заттарды ағзадан сыртқа шығару үшін де қызмет етеді. Тасымалдаумен қатар қорғаныш рөлі де өте жоғары. Қанның құрамындағы лейкоциттер арқылы иммунитетіңіз сыр бермейді. Ал қан кету кезінде оны тоқтатуға қатысатын тромбоциттердің өзі қорғаныш қызметін атқарады. Тромбоцит, яғни қанды пластиналар қанның ұюы үшін жұмыс істейді.
Облыстық аурухананың гематологияның меңгерушісі Әлия Қисметова маған жедел спленоктомия (ота) жасалу керектігін ескертті. «Алайда қан – сұйық. Қан кету қаупі жоғары болатындықтан, отаны қай хирург ала қоярын білмеймін» деп бірден кесіп айтты. Бұрын соңды мұндай диагнозбен оталар Нұр-Сұлтан қаласында жасалған екен. Біреулер Самара қаласына барған. Содан екі апта жатып, ауыр системалар мен донор (тромбоцит) алып, ауруханадан шықтым.
Екі аптадан соң қайта шақырды. Тромбоцит сол баяғы тағы түсіп кеткен. Дәурен ауруханаға кетерімде «сен қалай да ота жасал, мен хирургтармен сөйлесіп көремін» деген. Содан маған облыстық аурухананың шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Кутушұлы ота жасайтын болды. Хирург Дәурен Маратұлы да отаға қатысатынын айтты.
Тағы 20 күн тромбоцит көтеру үшін барлық жағдайлар жасалды. Әбден ертең хирургияға ауыстырамыз дегенде тромбоцит деңгейі тағы түсіп кетті. Бірақ 1-2 күн ішінде ота жасалып болу керек болды. Өзім моральдық жағынан дайын болғасын, Қуаныш Кутушұлының арқасында қазан айында ота жасалды. Дәурен Маратұлы да отаға қатысты. 40 минутта жасалатын ота 1 сағат 40 минутқа созылды. Аллаға шүкір, бәрі сәтімен өтті. Маған спленоктомия жасалды, яғни талағымды алып тастады.
Он күннен соң ауруханадан шықтым. Жан жарымның, отбасы, ағайынның, жанашыр достарымның арқасында басымды көтере бастадым. Ота жасалмастан бұрын маған донор керек болды. Қаншама адам «Қан орталығына» барып, мен үшін донор болды. Жан-жақтан тілеулес болғандар бар. Барлығыңызға мың алғыс, рахмет айтамын! Бірінші Алланың арқасында, содан соң осындай өз ісінің шебері бола білген дәрігерлерімнің арқасында жағдайым жақсарып келеді. Осынау Алғыс айту күнінде Ақжайық аудандық ауруханасының хирургі Кудесов Дәурен Маратұлына, облыстық аурухананың хирургия бөлімі меңгерушісі Жайшиев Қуаныш Кутушұлына, гематология бөлімінің меңгерушісі Қисметова Әлия Нағиқызына шынайы алғысымды білдіремін. Дәрігердің бәрі сіздердей болсын! Халықтың батасын алып, аман жүріңіздер, абзал жандар!
Жанар Ахметқалиева,
Ақжайық ауданы