Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, жерлесіміз Меруерт Өтекешева жақында мерейлі 70 жасқа толды. Ұлттық құндылықтарымызға ерекше серпін беріп, халқымыздың мәдени мұрасына айналған кинодағы «Қыз Жібектің» қазіргі өмірдегі бейнесі Меруерт Қаратайқызы өзінің осынау мерейтойында елдің зор құрметіне бөленді. Оның қазақ елінің мәдениетін арттырудағы, кино мен театр өнерін дамытудағы еңбегін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері лайықты бағалап, арнайы құттықтауларын жеткізді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев те өнер көгіндегі саңлақ жерлесімізге арнап, өзінің алғысхатын жолдады.
Өңір басшысының алғысхатын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов Алматы қаласына арнайы барып табыс етті.
Алғысхатта «Сіз, құрметті Меруерт Қаратайқызы, кино мен театрда көптеген кесек тұлғаларды сомдаған талантты актрисасыз. Сонау жылдары «Қыз Жібек» фильмі экранға шыққан соң, Қыз Жібек пен Төлеген пәк махаббат пен шынайы сезімнің дәлеліне айналса, сіздің сұлулығыңызға тәнті болған халық әрдайым өзіңізді Қыз Жібек деп таниды. Осы орайда сіз сұлулық пен іңкәрліктің, адалдық пен парасаттылықтың нышаны іспеттісіз. Өңірімізден шыққан халқымыздың біртуар перзенттері Құрманғазы мен Дина, Оқап пен Қали секілді дүлдүлдердің жалғасы ретінде бүгінде қазақтың кино және театр өнерінде өзіндік өрнегі бар бірегей тұлғаға айналдыңыз. Сіздің мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесіңізді, еліміздің мәдени-рухани дамуы жолындағы орасан зор жетістіктеріңізді, белсенді қоғамдық қызметіңізді өңір жұртшылығы жоғары бағалайды. Сізді мерейтойыңызбен құттықтай отырып, шығармашылық жолыңызға әрдайым толағай табыс, өзіңізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, құт-береке тілеймін» делінген.
Нұрымбек Жапақов,
zhaikpress.kz