Күні бүгінде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен агроөнеркәсіптік кешендерін дамытудың 2026 жылға дейінгі ұлттық жобасының тұжырымдамасы дайындалуда. Осыған байланысты облыс басшылығы тарапынан әр аудандағы шаруалар мен сала мамандарымен бірлесе ұлттық жобаны талқылау және нақты ұсыныстар енгізу үшін делегация жасақталған.
4 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Фермелер қауымдастығының төрағасы Серік Жарылғапов бастаған делегация ауданымызға келіп, ауыл шаруашылығы құрылымдарының жетекшілерімен бірге семинар-кеңес өткізді.
Кеңеске аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сергей Тоқпанов, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары, ауыл шаруашылығы саласының мамандары, шаруа қожалығы жетекшілері, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі төрағалары қатысты.
Бірік, Ақпәтер ауылдарында өткен семинар-кеңесте Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқарамасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Алмат Есполов тұжырымдама туралы кеңінен түсінік берді. Құжаттың негізгі жаңалықтарын – бұл фермерлерге несие беру жолдарын мен қаржыландыру құралдарын кеңейту, цифрландыру арқылы ресурстарға ашық және әділ қолжеткізуді қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау шараларының тұрақтылығы мен сабақтастығын бекіту, өңірлердің мамандануын ескере отырып, субсидиялар бөлу, экспорттаушыларды қолдаудың оңтайлы жүйесін енгізу, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің білімін тарату жүйесін жетілдіру болып табылады.
Құжат агроөнеркәсіптік кешендерін дамытудың 15 басым бағытынан тұрады. Олардың әрқайсысы бойынша нақты шаралар мен индикативтер көзделген. Жоба агроөнеркәсіптік кешендері саласы қызметкерлерінің табысын екі есеге арттыруға, 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын тұрақты табыспен қамтамасыз етуге, өндірістік экожүйеге 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тартуға, сондай-ақ 70 мың отбасылық аграрлық шаруашылықты құруға бағытталған.
Жобадағы басым бағыттарға тоқталып өтер болсақ, рентабельді дақылдар өндіру, қарқынды сүт шаруашылығы, етті мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, жем-шөп өндірісін дамыту, агроөнеркәсіптік кешендері өнімдерін қайта өңдеу, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, мал шаурашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ветеринариялық қауіпсіздік, фитосанитариялық қауіпсіздік, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, жер ресурстраны тиімді пайдалану, агроөнеркәсіптік кешендерінің өнімдерін өткізу, аграрлық ғылым мен білім беруді дамыту, ауыл шаруашылығы кооперациясы, агроөнеркәсіптік кешендерін цифрландыру, «ауылдық аумақтарды дамыту» әлеуметтік-экономикалық тиімділік мәселелері атап көрсетілген.
Ал біздің ауданымызда негізінен етті мал шаруашылығы мен жем-шөп өндірісін дамыту мәселелері тұр. Жалпы етті мал шаруашылығындағы төмен өнімділігі мал шаруашылығының жем-шөп ресурстарымен қамтамасыз етілуінің жеткіліксіз деңгейі, шалғайдағы мал шаруашылығының дамымауы жайылымдық мал шаруашылығы үшін қажетті инфрақұрылымның болмауы, мал шаруашылығында қосылған құн тізбегінің дамымауы, қарыз қаражатын алу үшін шағын фермаларда кепілдіктердің болмауы секілді қордаланған жағдайлар тікелей әсер етуде.
Сонымен бірге жануарлардың ауруларын эпидемиологиялық қадағалауды және тамақ қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз етудің жеткіліксіз деңгейі, жүн мен теріні өңдеудің төмен үлесі, ауыл маңындағы жайылымдарды пайдалану тиімділігінің төмендігі, қосалқы жерлерде жайылымдардың қолжетімсіздігі, етті мал шаруашылығындағы қосылған құн тізбегінің дамымауы, мал ұрлығы, құрама жем компоненттерінің қымбаттығы, жылқы шаруашылығы өнімін тереңдете қайта өңдеудің дамымауы да дамуға тежеу болуда.
Міне, осындай ауыл шаруашылық саласындағы дамуға тежеу болған мәселелерді шешу үшін облыстық мәслихат депутаты Серік Абдуғалиұлы шаруашылық жетекшілерін біріге жұмыстануға шақырды. Оның айтуынша, былтырғы қуаңшылық жылы еліміздегі Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қызылорда облыстарындағы фермерлер бірлесе қимылдауының нәтижесінде мал азығын алуға субсидияға қол жеткізген.
Ал біздің облыста қазіргі күнде мал азығынан қиналып отырған Жаңақала, Казталов аудандарындағы шаруашылықтардан бірде-бір өтініш түспеген екен. Серік Жарылғапов аудан фермерлерін дайындалып жатқан ұлттық жобаға нақты ұсыныстарын жолдап, саладағы барлық түйіткілді мәселелерді бірлесе шешуге шақырды.
Семинар-кеңесте сөз алған Батыс Қазақстан облысының ветеринария басқарамасы бірдейлендіру ветеринариялық іс-шаралар және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Руслан Қайралиев ветеринариялық іс-шаралар жөнінде, Батыс Қазақстан облысының жер қатынастары басқармасының бас маманы Болат Төлеуішев жер қатынастарындағы өзгерістер туралы хабарлама жасаса, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының кредиттік менеджері Тайыр Қапанов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының кредиттік менеджері Азамат Құсмағамбетовтер агроөнеркәсіптік кешендерін дамыту үшін несие алу жолдары мен пайыздық мөлшерлері туралы кеңінен түсінік берді.
Ал «Кублей» ЖШС-нің сатып алу бөлімінің басшысы Бақытбек Айтбаев серіктестіктің жұмысына тоқталып, әсіресе, тері өңдеу зауытының ашылғанын жеткізді. Оның айтуынша, біздегі малдың терілері мал иелері салған табро, малдағы тері аурулары салдарынан ең төменгі бесінші санатқа жататды екен. Яғни, тіптен жарамсыз деуге болады.
Семинар-кеңесте шауашылық жетекшілерінің назарына «EURASIA GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС сату бойынша менеджері Аслан Есенғалиев ауыл шаруашылық саласына қажетті техникалар туралы айтып берді. Әсіресе, суармалы егістікте қолданылатын техника жайында толық мәліметтер ұсынды. Бұл ақпарат семинарға қатысқан кейбір шаруашылықтардың қызығушылығын оятып отыр. Қазіргі уақыттағыдай қуаңшылық кезінде өзен-көлдердің бойында жері бар шаруа қожалықтары үшін бұл жақсы бастама болмақ. Болашақта бұл технологияларды игеру арқылы шағын ғана жерден мол өнім алуға болатынын жеткізді маман. Семинар-кеңесте шаруалар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Семинар соңында Батыс Қазақстан облысы бойынша Қазақстан Фермелер қауымдастығының төрағасы Серік Жарылғапов Қазақстан Фермелер қауымдасты атынан «Мүслім» шаруа қожалығының жетешісі Махамбет Тайгареновке, «Хайруллин» шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабек Хайруллинге, «Мирлан» шаруа қожалығының жетекшісі Ринат Ғұбайдуллинге Құрмет грамотасын табыстаса, ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері Қазбек Ғазизовке, Зинатолла Ибатовқа, Тұрабек Татпановқа «Құрметті ардагер» төсбелгісін тақты.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz