5.03.2021, 17:31
Оқылды: 50

Балапан баққан, береке тапқан...

Бақытын еңбектен тапқан жандардың бұл қоғамнан алатын орны да ерекше. Жалпы барлық саланы ұршықша иіретін епті адамы болады. Бірнеше жылдан бері мемлекет тарапынан көрсеткен қолдаудан қанаттанған кәсіпкерлерді ауылдық жерден оңай табасыз. Соңғы жылдары табыс табуға әрбір адамның құлшынысы артып-ақ тұр. Бұл ретте «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шарапатын сезініп, игілігін көріп отырған кәсіпкерлер қатары артқан.

2b44511b-a556-46d0-a3a3-788b4bd860d7

Мәселен аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының берген мәліметі бойынша бағдарлама аясында өткен жылы жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, мүмкіндігі шектеулі жандар арасынан жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грантқа 142 адам ие болған. Олардың бірі наубайхана, сұлулық салоны, массаж кабинеттерін ашып, мал, құс шаруашылығын жүргізіп отыр. Міне, солардың бірі – жас кәсіпкер келіншек Айдана Нұрмұханбет.

Тауық өсіруді кәсiп етiп, нәсiп тауып жүрген Айдана ауылда жұмыс жоқ дегенге сенбейдi. Өзі Ақсай қаласы іргесіндегі, бүгінде ықшамаудандар қатарына енген «Қызылтал» ауылында тұрады. «Бәрi де адамның өзiне байланысты. Қарап отырғанша тiрлiк жасау керек» дегендi алға тартқан кәсiпкер келiншектiң бизнес бастауы да қызық.

Тұрмыс құрған соң сәбилі болып, бала күтімімен үйде отырған Айдана қарап отырғысы келмей, ғаламторды ақтарып, қандай да бір іс бастаудың жолын қарастыра бастайды. Аталған бағдарлама туралы оқып, біліп, жолдасы  ақылдаса келе бизнес бастауды ұйғарады. Сөйтіп«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып алады.

7b887cb8-9766-462f-b0a4-8e00b26e3f81

- Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырмыз. Кәсіпкерлік әліппесін оқып алып, бизнес-жобаны қорғап, мемлекеттік грантқа қол жеткіздік. Жолдасым екеуміз ақылдаса келе, тауық бағамыз деп шештік. Содан 150 тауықтың балапанын сатып алдық, - дейді Айдана.

«Бастысы тәуекел еткен ісіңді ыждағаттылықпен атқарып, жан-тәніңмен сүю керек. Сонда ғана мақсатың жүзеге асады» деген кейіпкердің сөзінен ісіне тиянақтылық пен ұқыптылық аңғарылады.

Тауық қорасы да үй ауласынан орын теуіпті. Кәсіп иесі Айдана болғанымен, үй құсын бағуға жолдасы Ахат көмектеседі екен.

- Негізі, тауық бағу соншалықты қиын деп айта алмаймын. «Еңбек етсең, емерсің» дейді ғой. Жемін берсең, тауықтар жұмыртқалай береді. Бастапқы балапан кезінде әрине, көзіңді ала бере кейбірі жемге, суға түсіп кетеді, қарамай қалсаң, ит-мысық қуып, азайып қалуы мүмкін. Сондықтан да балапандарды үнемі көз алдыңда ұстау керексің. Бастаған кәсібіміздің алғашқы жемісін де көріп отырмыз. Тауықтың жұмыртқасы дәруменге бай табиғи өнім екені белгілі. Сол себепті де нарықта оған деген сұраныс жоғары. Әлеуметтік жағынан да маңызы зор өнімді мен де сатамын. Он жұмыртқа – 550 теңге. Әзірге 3 дүкенмен келісім жасап, сонда жұмыртқаларды тапсырып отырмын. Іріктеліп қалған ұсақ жұмыртқаларды өзіміз жаратамыз. Ара-тұра шай ішуге жұмыртқа қосып, бірдеңелер пісіре қоямын, - дейді кәсіпкер келіншек.

Кәсіп иесінің қорасында ақ, қара ала, қызыл тауық бәрі аралас. Тауық өсіруді енді ғана қолға алған жас отбасы алдағы уақытта тауық санын көбейтіп, кәсіптерін кеңейткісі келеді.

Жесе ет, сатса ақша болатын үй құсын бағып, тәуір табыс көзін тауып отырған жас келіншек Айдананың бұл ісі өзі қатарластарына үлгі болары анық.

Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале