Халықаралық әйелдер күніне орай Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «Гүл сыйлайық анаға» атты мерекелік шара өтті. Жиынға коронавирус індеті өршіген кезде облыс тұрғындарына көмектесіп, қолдау көрсеткен аналар мен арулар қатысты.
Тағылымды басқосуда ақын, ұстаз, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие екенін және отбасы ошағының, ұлттық құндылықтардың сенімді сақтаушысы болатынын баса айтты. Сондай-ақ жиында Орал қалалық мектептен тыс жұмыстар орталығы басшысының орынбасары Шаттық Өтебалиева, дәрігер-эпидемиолог Мирамгүл Нұржанова, «Тұғырым» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Арыстанова сөз алып, жастарды ананы құрметтеуге, өзгеге жақсылық жасауға, парасаттылыққа шақырды.
Кітапхана залында «Әйел-ана – тіршіліктің тірегі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, кеш өңір өнерпаздарының орындауындағы әсем әуенмен әрленді.
Гүлім Ақап,
zhaikpress.kz