15.03.2021, 9:18
Оқылды: 102

Басты міндет – халыққа сапалы қызмет көрсету

Қазақстан Республикасының азаматтық хал актілерін тіркеу  органдарына 100 жыл толып отыр. АХАЖ қызметі дегенде көпшіліктің көз алдына тек әдемі көріністер: той, шампан шарабы, гүлдер және Мендельсон маршы елестейді. Ал шын мәнісінде АХАЖ органдары мамандарының жауапкершілігі жоғары, күнделікті қарбаласы көп жұмыстары осы әдемі көріністердің тасасында қалып жатады.

 АХАТ қызметінің бас маманы Ақерке Сансызбайқызының жас отбасыларға неке қию туралы куәлікті салтанатты түрде табыстау сәті

Адам баласы дүниеге келген сәттен бастап өзінің тууын тіркеп, өмір жолын осынау бөлімнен бастайды. Әрмен қарай өз өміріндегі маңызды сәттері де осы АХАЖ қызметтерінде тіркелумен қатар жүреді: некеге тұруы, балаларының дүниеге келуі және өмірінің соңғы сәтінде қайтыс болу туралы акт жазбасымен тіркеуге алынады. Осылардың бәрі жылдар өтіп, тарих беттері сарғайып, сан алуан тағдырлар өткенімен, адамдардың өмір деректерін осы кезге дейін сақтап келе жатқан АХАЖ органдарының әр адамның өмірінде қаншалықты маңызды орын алатынын көрсетеді. АХАЖ органдары ірге көтеріп, қаз тұра бастағаннан бастап, тәуелсіздік туын көтерген бүгінгі күнімізге дейін өркениетті-құқықтық мемлекетке жүктелетін міндетті абыроймен атқарып келеді. Республиканың АХАЖ органдарының 100 жылдық тарихы − халық тарихының ажырамас бөлігі. Аталмыш маңызды саланың 100 жылдық мерейтойы аясында Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Ақерке Сансызбаевамен хабарласып, сұхбаттасқан едік.

 АХАЖ саласының 80 жылдығын атап өту сәтінен. Суретте оңнан солға қарай Габдушева Марфуга Қабденқызы, Салықов Ербол Ғұмарұлы, Аманғалиева Фарида Хафизқызы

- АХАТ бөлімінің тарихына тоқталсаңыз.

- 100 жылдан астам тарихы бар АХАЖ органдарының қалыптасуына көз жүгіртсек, бірнеше мәрте реформалардан өткенін көруге болады. 1921 жылы 5 наурызда Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің азаматтық хал актілері жөнінде декреті қабылданып, азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі Әділет халықтық комиссариатының қарауында болған. 1935-1959 жылдар аралығында Ұлттық ішкі істер комитеті (НКВД) жүйесіне өтіп, одан кейін 1998 жылға дейін азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі болып жергілікті атқарушы органдар құрамында қызмет етті. 1998 жылдан бастап әділет органдары қатарына қайта қосылып, негізгі қызмет салаларының бірі болып келген. Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 25 тамыздағы №898 «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктердің аражігін ажырату жөніндегі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес әділет департаментінің азаматтық хал актілерін тіркеу қызметі жергілікті атқару органдарына берілді. Ал бүгінгі таңда Жаңақала ауданында АХАТ қызметінің функциялары  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне берілген.

- 100 жылдық тарихы бар маңызды саланың функционалдық міндеттерін атап өтсеңіз.

 1973 жыл Нигметова Света апайымызбен сол кездегі мәдениет үйінің директоры Галиев Қуан ағамыздың жас отбасылардың некесін қию сәтінен.

- АХАЖ саласы бойынша азаматтарға ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің талаптарына сәйкес, туу, қайтыс болу, неке қию (ерлі-зайыпты болу), некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, атын, әкесінің атын және тегін өзгерту, қайталама куәліктер және мұрағаттық анықтамалар беру, азаматтық хал актілері жазбаларын қалпына келтіру бойынша 7 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынылады. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің 2020 жылғы 28 мамырдағы №64 бұйрығы негізінде баланың мүдделерін қорғау мақсатында әкелікті анықтауды мемлекеттік тіркеу және бала (ұл, қыз) асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы мемлекеттік қызмет түрі алынып тасталды. Басты міндет – халыққа сапалы әрі уақтылы мемлекеттік қызмет көрсету. Қазақстан Республикасының «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдері туралы» Заңына сәйкес, туу туралы акт жазбаларын тіркеу кезінде «АХАЖ тіркеу пункті» бағдарламасы бойынша жеке сәйкестендіру нөмірлері туу туралы куәліктерге берілуде. Мұрағаттық құжаттарды ғылыми-техникалық өңдеу нәтижесінде 1935-1944 жылдардағы акт жазбалар 75 жыл сақтау мерзімі өткеннен кейін мемлекеттік архив қорына тапсырылды. Жаңақала аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  АХАЖ мұрағатының қоры (1945-2020 жылдары аралығы) 339 кітапты құрайды. Бұл деректердің азаматтар үшін, олардың балалары және болашақ ұрпағы үшін маңыздылығы өте жоғары. Қазір ақпараттық жүйенің дамыған заманы болғандықтан жоғарыда көрсетілген акт жазбалардың барлығы ақпараттық жүйеге еніп, азаматтардың дерек қорлары электронды түрдеде сақталған.

- АХАТ бөлімінің құрылғанына 100 жыл аз уақыт емес. Осы кезге дейін Жаңақала ауданы бойынша елеулі еңбек еткен әріптестеріңізді, алдыңғы толқын аға-апаларымызды айта кетсеңіз.

- 1972 жылы Жаңақала аудан орталығы құрылған кезде АХАЖ саласында 1972-1985 жылдар аралығында Света Нығметова, 1985-1997 жылдар аралығында Марфуға Габдушева, 1997-2005 жылдар аралығында Фарида Аманғалиева қызмет атқарған. 2005 жылы аудандық Әділет басқармасы құрылып, АХАЖ саласының функциялары жергілікті атқарушы органнан аудандық Әділет басқармасына беріліп, Фарида Хафизқызы басқарма басшысы лауазымына тағайындалады. Кейін АХАЖ саласында Жанаргүл Қыдыралиева, Аэлита Байжұмашева, Айзада Ақбасова сынды мамандар әр жылдары қызмет атқарды. Қазіргі таңда АХАТ саласының бас маманы Ақерке Сансызбаева болса, Айдана Байғалиева қор сақтаушысы болып қызмет атқаруда.

 

Сұхбатты жүргізген

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале