18.03.2021, 14:57
Оқылды: 61

Елімізде қос азаматтығы бар қызметкерлерді жұмыстан босату туралы ұсыныс айтылды

Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұржан Нұрсипатов қос азаматтығы бар қызметкерлерді жұмыстан босатуға қатысты ұсыныстар айтты.

3CA96740-AF8A-4CAB-B8DF-602D4FE524CA

Бұл туралы ҚазАқпаратта жазылған. «Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қызметшілер немесе квазимемлекеттік ұйымдардың басшыларында қос азаматтық анықталған жағдайда, оларды атқаратын қызметінен босату қажеттігі туралы атап өтті. Аталған тапсырманы орындаудың құқықтық шарасы ретінде өткен жылдың соңында Еңбек кодексіне және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңына түзетулер енгізілді», - деді сенатор Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне жолдаған депутаттық сауалында. Оған сәйкес мемлекеттік қызмет Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда ғана емес, сондай-ақ шет мемлекеттің азаматтығы анықталған кезде де тоқтатылуға жатады. Ал квазимемлекеттік сектор субъектісінің басшылары Қазақстан Республикасының азаматы бола тұра, шет мемлекеттің азаматтығы табылған жағдайда еңбек шарты бұзылады. «Біздіңше, қабылданған шаралар одан әрі жүйелі және дәйекті дамуды қажет етеді. Өткені мемлекеттік қызметшілерде қос азаматтығы бар фактілер әлі де анықталып жатыр. Мысалы, құқық қорғау қызметі туралы, әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы, арнаулы мемлекеттік органдары туралы салалық заңдарда шет мемлекеттің азаматтығы қызметтен шығару үшін дербес негіз ретінде қаралмайды. Қызметтің ерекше түрі болып саналатын жоғарыда аталған мемлекеттік органдар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңның 9-бабымен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жатқызылғандықтан, көрсетілген талапты, яғни қызметен шығару негізін енгізуді ғана емес, сондай-ақ алдын алу сипатындағы шараларды қабылдауды қарау ұсынылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің ерекше түрінде қызмет ететін адамдардың шет мемлекетте тұруға ықтиярхат алуына тыйым салу мәселесін қарастыру ұсынылады», - деді депутат. Осы орайда ол тек мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде ғана емес, сонымен қатар жұмыс істеп жүрген кезде де қызмет шарттарына сәйкестігін анықтау үшін жүргізілетін арнайы тексеруді енгізуді қарастыру керектігін айтты. Бұл тұрғыда басқа азаматтықты алған адамның отандық паспортты пайдалануы немесе шетелдік азаматтықты алу фактісі туралы хабарлау мерзімдерін бұзғаны үшін ғана көзделген әкімшілік жауапкершілікке түзету енгізу талап етіледі.

«Қос азаматтық фактілерін анықтау мәселелеріне байланысты халықаралық-құқықтық құжаттар да өзектендіруді қажет етеді», - деді Н.Нұрсипатов. Осы орайда депутат баяндалғанды ескере келе, мүдделі мемлекеттік органдармен келісе отырып, тиісті ақпаратты беруді сұрады.

«Мемлекет басшысының жоғарыда көрсетілген тапсырмасын және еліміздің Негізгі Заңының 10-бабының талаптарын сапалы орындау бағытында қабылданған шаралардың толықтығы қамтамасыз етілген бе? Тиісті іс-шараларды заңнамалық сипатта жетілдіру қажеттігі бар ма? Осы мәселе бойынша қазіргі халықаралық-құқықтық негіз ұлттық мүдделерге сәйкес келе ме немесе оны өзектілендіру уақыты келді ме?», - деп сұрады сенатор.

zhaikpress.kz

Суреттің дереккөзі inform.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале