29.03.2021, 18:04
Оқылды: 63

Сырымдық шаруалар ауылдастарына көмектесуде

Қыстың ұзауы ауылдағы ағайынды қысылтаяң жағдайға қалдырып отыр. Бәрі болмаса да, малы жем-шөптен тарығып жатқан ауылдастар бар.

EB8FDE1B-C7F9-429B-827B-7CA24C4EF8D7

Түске дейін сырымдық шаруалардың ауылдастарына жәрдемдесіп, тегін мал азығын беріп жатқанын жазған едік. Соның ішінде, Бұлдырты ауылдық округіне қарасты «Жамелетдин» шаруа қожалығы малының азығы таусылған ауыл тұрғындарына 80 бума шөпті, Қособада «Досымхан» шаруашылығы 20 бума шөпті, Серік Мүтиев жетекшілік ететін «Серік» шаруа қожалығы шөбі таусылған ауыл тұрғындарына 100 бума шөпті тегін таратқанын айттық.

Осы игі үрдіс басқа округтерде де жалғасуда. Сарой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев «Рахмет» шаруа қожалығы 30 бума шөпті ауылдастарына тегін ұсынып отырғанын хабарлады. Аудандық мәслихат депутаты, «Бекжан» шаруашылығының жетекшісі Ернар Байдашев халыққа тегіні бар, арзан қақпен бергені бар, барлығы 40 бума шөбін ұсыныпты. Көздіғаралық азамат Жантемір Ғабдрахимов та өліара шақта пайда табуды ойламай, мал азығын өз құнымен сатуда.

ECB6214A-580D-4BB9-96FE-52D8E3978CB4

Редакцияға жосалылықтар да хабарласты. Жосалылық шаруа, «Жанқожа - С» шаруа қожалығының жетекшісі Серікбай Закарин мырза 70 бума шөпті халыққа тегін берген.

Жер әлі қарайған жоқ, ызғар қайтқан жоқ. Малының азығы таусылған ағайынға бір күннің өзі мың күнге татып отыр. Жан-жағымызға қарайласайық, азаматтар!

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале