1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалындағы 7-ші құрама бітімгершілік ротасы содырлардың кенеттен қарулы шабуылына тап болды. Қарсыластың басымдық күшімен болған төрт сағатқа созылған тең емес ұрыс барысында жауынгерлер өздерінің әскери борыштарын абыроймен орындап, әскери антқа адал болды. Бұл шайқаста 1995 жылдың 7 сәуірінде 17 жауынгер ерлікпен қаза тапты. Отыздан астамы жараланды.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің қаулысына сәйкес 1993-1999 жылдар аралығында бұрынғы Ішкі әскердің, бүгінгі Ұлттық ұландық жедел мақсаттағы әскери бөлімдерінің 2 мыңнан аса офицері мен сарбазы ТМД-ның бірлескен батальонында сыртқы шекараларын қорғау үшін тәжік-ауған шебінде бітімгершілік міндеттерін атқарған болатын.
Осыған орай, Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде бұдан 26 жыл бұрын тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді құрметпен еске алу шарасы өтті.
Басқосуға Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының және 5517 әскери бөлімінің басшылығы мен Батыс Қазақстан облыстық тәжік-ауған соғысы ардагерлер одағы қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.
Еске алу шарасын өткізудегі көзделген мақсат – кейінгі толқын жас буын өкілдерін әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу болып табылады. «Ерлік ешқашан ұмыт қалмайды» деген қанатты сөзге негізделе отырып ұйымдастырылған шарада «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Қайрат Үмбетов сөз сөйлеп, Отан тыныштығы мен қоғам қауіпсіздігін күзетіп жүрген ұландық жауынгерлердің рухын оятуда мұндай іс-шаралар зор маңызға ие екендігін айтты.
Сондай-ақ патриоттық шарада сөз алған «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақыт Алазов шейіт болған 17 жауынгердің ерліктерін еске алып, олардың қайтпас қайсарлығымен, өшпес ерлігін баян етті.
- Осы күн Ұлттық ұлан тарихында қайғылы күн болып мәңгілік есте қалды. Құрама рота жауынгерлері тәжік-ауған шекарасын қырағылықпен күзетті. Қаза болған жауынгерлер біздің мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау үшін өз өмірлерін жан пида етті. Олар біздер мен сіздердің тыныштығымызды және бейбіт өмірімізді қорғады, - деді подполковник Б.Алазов.
- Ең үлкен шайқас 1995 жылдың 7 сәуірінде Памир тауындағы Пшахавр шатқалында болды. Сол жерде 17 қандасымыз көз жұмды, 33 жауынгер жарақат алды. Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыста қаза болған ерлердің арасында Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында туып-өскен сержант Радик Қаймулдиев болды. Радик көз жұмғаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның атында қазіргі кезде Шыңғырлау ауылында көше бар. Сондай-ақ 2011 жылы 5517 әскери бөлім аумағында 17 қазақстандық жауынгердің құрметіне ескерткіш орнатылды, – деп еске алды Батыс Қазақстан облыстық тәжік-ауған соғысы ардагерлер одағы филиалының төрағасы Дәрбек Сүлейменов.
Сонымен қатар, жиын барысында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы мен «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басшылығының арнайы бұйрығы негізінде бірқатар тәжік-ауған соғысы ардагерлері марапатқа ие болды.
Шара барысында тәжік-ауған шекарасында қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алу, ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Тәжік-ауған шекарасында қайтпас қайсарлықтың ерен үлгісін көрсеткен батырларымыз мәңгі есімізде қалмақ.
Подполковник Ерболат Сұлтанов,
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі